Вакцина: 104 адам жұқтырып, тағы төртеуі бақилық болған
104 адам жұқтырып, тағы төртеуі бақилық болған. Бұл коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алғаннан кейінгі көрсеткіш. Біреуін алып, ауру жабыстырғандар одан да көп. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі төрт адамның қазасын тікелей екпемен байланыстырмайды. Марқұмдардың вакцинаға дейін созылмалы ауруы болған.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.05.2021
Жалпы елде қазір вакциналау қарқыны екі есеге дейін төмендеген. Содан болар, министрлік осыған дейін уәде еткен 10 миллион қазақстандықты жыл соңына дейін вакциналап үлгереміз деген сөзінен тайқып барады. Екпеге қатысты елдегі соңғы мәліметтер. Елді вакциналау қарқынының төмендеуіне не себеп? Министрлік не дейді?
Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шоранов халықты вакциналау қарқынының төмендеп кеткенін ашық мойындағанымен, оған нақты не себеп екенін білмейтін секілді. Әуелгі орысша жауабында мамыр айындағы мереке күндерінің созылып кетуін негізгі себеп деп көрсеткен еді. Артынша қазақша жауабы басқаша шықты.
Вице-министрдің мемлекеттік тілде айтуынша, әуелде дәрігерлер мен мұғалімдер, құқық қорғау органдары өкілдеріне салына бастады. Ол кезде вакцина салу қарқыны күніне 100 мың адамға дейін жетіп, жақсы жүргізіліп жатты. Қазір халықтың өз еркімен келуіне қарап қалғандықтан, күн сайынғы вакцина алып жатқандар қатары да сиреген.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
- Қазір ұжымдарды вакциналау жұмыс сәл тоқталып, диспансерлік есепте тұрған науқастармен және өз еркімен келетін адамдармен жұмыс атқарудамыз. Қарқынның төмендеуі сол себеппен де байланысты деп ойлаймыз.
Әсіресе отандық «Қазвакқа» кеңірек тоқталуға тура келеді. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, «Қазвакқа» көрші Қырғызстан секілді Орта Азия елдерімен бірге Біріккен Араб әмірліктері және Еуропаның бірқатар елдері қызығушылық танытуда. Ал біздің ел әлі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркете алмай жатыр. Оның үстіне ел ішінде осыған дейін өңірлерге 50 мың дозасы ғана жеткізілген. Ол 25 мың адамға жетеді. Осылайша отандық өнімнің тым аздығы қазірден-ақ көрініп қалды.
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитария-эпидемиология бақылау комитетінің төрағасы:
- Алматыға қатысты айтар болсақ, ол жаққа 6 мың доза жеткізілген. Қазіргі мәлімет бойынша оны 2800 адам алып үлгерген. «Қазвак» бойынша Алматыда қазір 200 адамға ғана арналған доза қалды. Егер қазақстандық вакцинаны салдырғысы келгендер болса, олар амал жоқ, күтуі керек.
Өткен аптаның соңында министрлік вакцинаның екі бөлігін алғандар арасында 44 адамның қайта жұқтырғанын айтқан. Арада бес күн өткенде бұл сан әлдеқайда өсіп кеткен. Бірінші бөлігін алғандар арасында 541 адам тағы жұқтырса, екі бөлігін толық алғандар ішінде 104-іне тағы жұққан. Ал вакцина алғаннан кейін көз жұмған 4 адамға қатысты, екеуінің жағдайы вакцинаға еш қатысы жоқ деген қорытынды шығарылған. Тағы екі жағдай бойынша тексеру әлі бітпепті.
Елді вакциналауда кезінде министр Алекей Цой жыл соңына дейін 10 миллион қазақстандыққа салып үлгереміз деген еді. Алайда вакцина салу қарқынының төмендеуіне байланысты министрліктің де жоспары өзгеріпті. Вице-министр Шорановтың айтуынша, қазір елді вакцинамен қамтамасыз етудің өзі басты мақсатқа айналып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!