Ақтөбе қоқысқа толып, тұрғындар тұншығып отыр
Ақтөбе қоқыс қалаға айналды. Тұрғындар ауласына үйілген қалдықтарды айлап тазартпайтына ашынып отыр. Қазір контейнер маңындағы тазалықтан бөлек, қоқыстың күлімсі иісінен адам тұншығады.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.05.2021
Шаһар басшылары қаланы қоқыстан қашан толық тазартып болатынын айта алмай отыр.
Ақтөбедегі кез келген көпқабатты тұрғын үй ауласында үйілген қоқыс қалыпты көрініс. Тұрғындардың да бұған көзі үйренді. Жергілікті жұрт еліміздің батыс өлкесіндегі ең үлкен шаһардың қоқыс қалаға айналып бара жатқанына күйінеді.
Тұрғындар шыдамның да шегіне жеткенін айтады. Өйткені бүкіл қалада контейнерлердегі қоқысты апталап емес, айлап тазартпайтын болған. Жел соққан сайын қалдықтар шашылып, күн ыстықта күлімсі иістен аулаға шығу мүмкін емес дейді.
Айнагүл Махатова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бүкіл қаламыз қоқысқа батып жатыр, шыны керек. Бір айдан бері қоқыс шығарылған жоқ. Жаз уақыты келді, үсті-үстіне жиналып иістеніп жатыр.
Рысты Төлегенова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Коронавирус дейді, коронавирус қай жақтан шығады? Осындайдан шықпай ма, мінеки! Терезені аша алмаймыз. Бұл не деген сұмдық! Білмеймін, «Нұрсити» емес, қаланың ортасына барсаң да солай қоқыс үйіліп жатыр.
Кезінде Ақтөбені екі ауданға бөленде қаланың комуналдық мәселесі толық шешіледі деп күтілген. Бірақ Астана мен Алматы деп атау бергеннен басқа ештеңе өзгермеді дейді тұрғындар. Тіпті қоқысты полигонға шығарудың өзі өзекті мәселеге айналған. Ал қос аудан басшылары қаланы қоқыстан қашан толық тазартып болатынын айта алмайды.
Әміржан Оразғалиев, Алматы ауданының әкімі:
- Күнде жұмыс істеп жатырмыз. Аралап, мердігер шақырып, айыппұл саламыз оларға.
- Кепіл бересіз бе?
- Кепіл береміз. Қай мерзімде, оны бірақ айта алмаймын.
Мамырғали Аққағазов, Астана ауданының әкімі:
- Тап-таза болады деп кепіл бересіз бе?
- Жүз пайыз тап-таза болады деп айту қиын ғой. Оны өзіңіз білесіз. Халық болғаннан кейін, ел болғаннан кейін, бәріміз адам баласымыз. Бірде болса, бірде болмайды. Тап-таза болады деп айту қиын.
Ақтөбеде тұрмыстық қалдық шығарумен бес компания айналысады. Бірақ мердігерлер әзірге тұрақтамай тұр. Өйткені тендер ұтқанымен, бірінің техникасы жетпейді, енді бірі жұмысты қиынсынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!