Әселдің өлімі: Қазақстандық тергеушілер Грузияға ұшып кетті
Қазақстандық тергеушілер Әсел Айтбаеваның өлімінің барлық мән-жайын шетелдік әріптестерімен бірге зерттеу үшін Грузияға ұшып кетті. Қазір атышулы істе басты күдіктілер тізімінде соңғы күндері Әселмен бірге араласқан Бесик Тордуа ғана емес, бойжеткенді шетелге жұмысқа шақырған Мұрат Мейірбеков те бар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
19.05.2021
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, оның адам саудасына қатысы болуы мүмкін. 37 жастағы Мейірбековтің қамаудағы күндері ұзартылды.
Ерлан Қанафин, Айсұлу Айтбаеваның адвокаты:
- Бүгінгі күні қамауда ұстау 10 тәулікке дейін ұзартылды. Міндетіміз – күдіктінің сотқа дейінгі тергеу кезеңінде тергеу изоляторында отыруына қол жеткізу. Өйткені Мұраттың халықаралық байланыстары жақсы, ақшасы да жеткілікті. Егер ол үй қамағына жіберілсе, бұл азамат Қазақстаннан қашып кетуге әрекет жасайды деп қорқамыз.
Қазақстандық құқыққорғау органдары Мейірбековті Грузияға экстрадицияламайтын сыңайлы. Ел заңына сәйкес, ер адамның қылмысы дәлелденсе, ол жазасын шетелде емес, туған жерінде өтейді.
Қазір тергеушілер Грузияда болған қайғылы жағдайды бүге-шүгесіне дейін зерттеп, жантүршігерлік оқиғаның хронологиясын қалпына келтіруде. Сәуір айының аяғында Әсел Айтбаева жездесі Мұрат Мейірбековтің шақыруымен грузиндік көлік сататын салонға жұмысқа орналасады. Бір аптадан соң қыздың денесі Тбилисидегі көпқабатты үйдің алдынан табылады.
Грузия полициясы Әселді зорлады деген күдікпен 57 жастағы Бесик Тордуаны ұстады. Жерлесіміз туыстарынан жәбір көргендіктен, соңғы күндері оның үйін паналапты. Қазір күдіктіге суицид жасауға мәжбүрледі деген де айып тағылып отыр.
Марқұмның отбасы Әселдің түнде өлтірілгеніне сенімді. Олар бойжеткенді Мейірбековтің де зорлағанын айтады. Грузиндік тергеушілер де дәл осындай айып тағып отыр. Алайда ер адамның қылмысы нақты дәлелденген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!