Түркістан облысында миллиардтар бөлінген бірнеше ауылда газ, су жоқ
Миллиард бөлінсе де мандытпаған. Түркістан облысында мемлекеттен миллиардтар бөлінген бірнеше ауыл газ бен суға жарымай отыр. Үшқайық ауылдық округіне қарасты төрт елдімекенге газ жүргізуге 948 миллион теңге бөлініпті. Құбыр тартылғанымен, газ берілмеген.
Автор: Бек Әбиев
19.05.2021
Ал сапасыз құрылысты қабылдап алған шенеуніктер көгілдір отын келді деп есеп беріп жатыр дейді жұрт. Суға да бюджеттің миллиондары жұмсалғанымен, құбырлар қаңсып тұр. Тұрғындар құдық қазып лай сумен шөлін басып отыр. Шенеуніктердің сапасыз құрылысты қабылдап жібергенін тіпті ауылдың әкімі де растады.
Түркістанның іргесіндегі Теке ауылы таза суға «қарық болды». Бірақ қағаз жүзінде ғана. Шын мәнінде тұрғындар 35 метр тереңдіктен суды өздері алып жүр. Құдықтан сорғы арқылы шығатын су ащы әрі лай. Бірақ амалсыз мал мен егін тұрмақ, адам да ішуге мәжбүр. Ауылда ауру көп дейді тұрғындар.
Аян Өтеев, Теке ауылының тұрғыны:
- Мынандай су ішіп жатырмыз, қап-қара. Зиян. Құбырда су жоқ. Өзіміз 200 мың теңгеге қаздырып ішіп отырмыз. Көрініп тұр ғой, қап-қара боп ағып жатыр.
Ауылға таза су 2019 жылы берілуге тиіс болған. Әр үйдің есік алдына шланг жүргізілген. Бұған 200 миллионнан астам теңге бөлініпті. Тіпті ауылға су айдайтын қондырғы да қойылған. Бірақ құбырдың сапасыз салынғаны соншалық, су қосылса, әр жерден атқылайды екен.
Таубай Шайюсупов, Теке ауылының тұрғыны:
- Пластмасса құбырдың тиекпен жалғаған. Арасынан су кетіп жатыр. Сосын газ қазғанда тесіп кеткен жері де бар. Мен оның соңына түсіп істеттім. Істеткенде суды бір қосқанда қайта атып жіберді. Қазір сол күйі қайтып жатыр.
Құжатта таза су «ішіп» жатқан ауылда газ да «бар», қағаз жүзінде. Екі жыл бұрын тартылған құбырлар ескіріп, есептегіш құралға арналған жәшіктері құлап жатыр. Ауылға келген шенеуніктер екі жылдан бері келесі айда қосылады деген уәдемен әбден тойдырды дейді тұрғындар.
Асылбек Әлжанов, Теке ауылының тұрғыны:
- «Газ беріледі» дегеніне екі жыл болды, басында қуанғанбыз. Халық боп отын, көмір түсірмейміз, жақпаймыз деп. Көмір удай қымбат. Ал газ әлі жоқ. Құлап жатыр, міне. Оны қабылдап қойған дейді.
«Газ бен су берілді» деген құжаттың қабылданып кеткенін ауыл әкімі де растайды. Нұрәлі Әлмерденовтың айтуынша, төрт ауылдың газына деп 948 миллион бөлінген. Ал Теке ауылының суына 220 миллион теңге жұмсалыпты.
Нұрәлі Әлмерденов, Үшқайық ауылдық округінің әкімі:
- Мынау су жинайтынның ішіндегі сорғыштары, сақинасы дұрыс қойылмаған. Су берілген жоқ. Сонымен ол иесіз қалды. 35 пайыз бітпеген нысанды қабылдап алды. Кентау қалалық әкімдігінің тікелей былығы деп есептеймін.
Сапасыз жұмысты қабылдап, құжатқа қол қойып жіберген кентаулық шенеуніктер үшін жауап беруге қала әкімі Дәурен Мақажановтың өзі шықты. Су құбырларынан апат көп болып жатқанын білеміз дейді. Сондықтан құбырды жөндету үшін мердігер компанияны жұмысқа жегеміз деп отыр.
Дәурен Мақажанов, Кентау қаласының әкімі:
- Ол проблеманы білемін. Газ жұмысы былтыр да жүргізілген. Былтыр газ жүргізген мекемелер қазған кезде су өткізген құбырға тиіп кетіп, сол кезде тоқтап қалған. Мердігерден талап еттік. Әлі де газ жұмысы қабылданбаған. Құбырлар біткенімен, АГРЭС-тен газ берілмеген.
Мердігерлерді жұмысқа саламын деген әкім сапасыз жұмысқа қол қойып жіберген қол астындағы шенеуніктерден де жауап алады. Бірақ бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалған су мен газдың нақты қашан келетінін өзі де айта алмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!