Айқын Төлепберген киноға шақырады – Где мое кольцо?
Қазақ комедиясының қоржыны тағы бір кинокартинамен толықтырылды. Бұл жолы продюсер әрі актер Айқын Төлепберген жұртшылыққа «Где мое кольцо?» фильмін ұсынады. Танымал режиссер Дархан Саркенов түсірген комедия шым-шытырыққа толы.
Автор: Асқарбек Қазанғап
20.05.2021
Жоғалған сақинаны табуға аттанған достардың басынан кешері көп.
Премьера алдындағы шығармашылық топтың толқынысы ерекше. Олай болмағанда ше? Өткен көктемде көрерменге жол тартуы тиіс туынды тұсаукесерін пандемия тұсады. Қайткенмен ештен кеш жақсы. Режиссер Дархан Саркеновке комедия жанры таңсық емес. Талайын түсірді. Дегенмен бұл фильмнің жөні бөлек дейді.
Дархан Саркенов, режиссер:
- Басында мелодрама, комедия түсіреміз деп ойлағанбыз. Аяғында криминалы бар, экшны, мюзикл, үрейі де бар шым-шытырақ оқиғаға толы барлық жанрды қамтыған комедия болды деп айтып жүр. Білмеймін, оны енді көрермен айтады.
Сүйіктісіне гүл сататын дүкен сыйлаған басты кейіпкер Асқардың рөлін Айқын Төлепберген сомдайды.
Ол әрі продюсер. Тырнақалды фильміне тыңғылықты дайындалып, кітап оқып, актерлік шеберлік курсына да қатысқанын айтады.
Айқын Төлепберген, актер, продюсер:
- Бірінші кино болғандықтан, бұл жерде бірінші кезекте қаржы табу деген әңгіме жоқ. Бұл кино, ең бастысы, халықтың көңілінен шықса. 30 пайызының көңілінен шықса. Продюсер ретінде алғашқы жұмысым, абыройыма жұмыс.
Комедия полициядан қашамын деп қымбат сақинаны гүл дүкеніне тыққан, кейін оны таппай басты кейіпкерлерге шүйліккен қылмыскер төңірегінде өрбиді. Шым-шытырық оқиғаға толы фильмді түсіруге 51 адам атсалысқан.
Туынды авторлары көрерменнің көңілін көтеруге кепіл береді.
«Где мое кольцо?» фильмін бүгіннен бастап барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!