Кентауда миллиондаған қаржыға салынған құбырда су жоқ
Кентау қаласында бюджеттің миллиондаған қаржысына су жүргізілген тұтас шағын аудан шөлдеп отыр. Сапасыз құрылысты шенеуніктер бес жыл бұрын қабылдап жіберген. Бірақ құжат жүзінде суы бар Шұғыла ықшамауданының тұрғындары суды тасып ішуде.
Автор: Бек Әбиев
21.05.2021
Халық шулап әкімдік алдына барса, су бірнеше сағатқа ағады екен. Аңқасы кепкен ауыл тұрғындарымен тілшіміз тілдесіп келді.
Шұғыла ықшамауданына су берілу үшін Кентау әкімдігіне бару керек. Шөлдеген жұрт бүгін де басшыларға барды. Бұл жолы орынбасарларын емес, әкімнің өзі шығуын талап етті. Әкімді жетектеп шенеуніктер бара бермейтін Шұғылаға жетіп еді, апталап ақпаған су аяқ астынан атқақтап шыға келді.
Шұғылаға су бес жыл бұрын жүргізілген. Бірақ құбыр жаңа болса да, тіршілік нәрі жиі тоқтайды. Сондықтан тұрғындар арнайы көлікпен су алдырып, үйдегі ыдыс-аяқтың бәрін толтырып қояды. Құбыр бюджет қаржысына жүргізілді деген аты болмаса, халықтан да ақша жиналған. Тіпті тұрғындар судың қысымы болмаған соң өз қаражатына вакум сорғы да орнатып алыпты.
Әйгерім Аманқұлова, Кентау қаласының тұрғыны:
- Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бастығы Абрасилов рұқсат берсе ғана су қысымын көтереді. Сол кезде су келеді, оның өзінде вакуум сорғымен. Шұғыла шағынауданына екі құбыр жүргізілген. Соның біреуі ғана қазір қосулы тұр. Екіншісінің жүйесі қосылмайды дейді әкімдік.
Шұғылаға газ да жүргізілген. Бірақ көгілдір отынның өзі болмаған соң, құбыры ұрланып жатыр екен.
Бегай Сыздықова, Кентау қаласының тұрғыны:
- Мына газды жүргізгеніне екі жыл болды. Әне береді, міне береді деп әлі жүр. Құбырлары құлап жатыр. Енді қай уақытта беретіні белгісіз. Құбырлары ұрланып та жатыр.
Ал тұрғындары жетектегендей боп келген әкім газ жыл соңына дейін «беріліп» қалар дейді. Қала басшысы Дәурен Мақажанов сапасыз су берілетін жұмысты қабылдап алған мен емес, алдымдағы әкім деп ақталды. Шұғылаға бес жыл бұрын екі құбыр тартылғанымен, соның біреуін енді іске қосыпты. Ал екінші құбырдың жарамды, не жарамсыз екенін ешкім білмейді.
Дәурен Мақажанов, Кентау қаласының әкімі:
- Бірінші құбырмен қазір реттеп шығайық. Бір айдың ішінде осы суға халық үйренсін. Бір айдан кейін екінші құбырды қараймыз. Мынаны тоқтатып. Егер ол жерде су болмаса, онда біріншісін бере береміз. Әр жерде анықталған кемшілікті жоямыз.
Бюджеттің 360 миллион теңгесіне жүргізілген құбырлардың жарамды екенін Кентауда айтар жан жоқ. Қалай болса да Кентау әкімі Дәурен Мақажанов Шұғыла ықшамауданында енді су тоқтамайды деп сөз берген еді. Бірақ ол құрғақ уәдеге айналғандай. Себебі, әкім кеткелі бірнеше күннен бері Шұғылада тағы да су жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!