Жамбыл облысында жеті аудан босқын қабылдауға дайын
Жамбыл облысының жеті бірдей ауданы босқын қабылдауға дайын. Оны билік өкілдері «Ағын-2021» оқу-жаттығуында дәлелдеп берді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
24.05.2021
Аңыз бойынша, көрші екі ел арасындағы қақтығыстан зәрезап болған тұрғындар біздің өңірге қашып келеді. Ерлер мен әйелдер, арасында балалар бар. Осы сәтте билік өкілдері не істеу керек? Қалай күтіп алады? Қайда жайғастырады? Осы тетіктердің бәрі оқу- жаттығу барысында пысықталды. Шекара шебіне арнайы лагерь тігілген. Мұнда келімсектерге жатын орын, ас-су – бәрі қарастырылған. Шетелдіктерге бірден босқын мәртебесі берілмейді екен. Алдымен құжаты, денсаулығы мұқият тексеріледі. Тек содан кейін «босқын» мәртебесін алып, жайғастырылады.
Шараны жергілікті билік өкілдері мен күштік құрылым басшылары бақылап бағасын беріп отырды. Бұған дейін дәл осындай оқу -жаттығу жасырын өтетін. Бұл жолы жариялы түрде болды.
Руслан Шәріпов, Жамбыл облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Оқу-жаттығуға 97 адам, 11 техника жұмылдырылды. Мемлекеттік шекарадан босқын қабылдау және орналасу деген қауіп жоқ. Бұл тек оқу- жаттығу мақсатында ұйымдастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!