Қорымның үстіне қоқыс полигонын салмақшы – Түркістан облысы
Қорымның үстіне қоқыс полигонын салмақшы. Түркістан облысында тұрғындар қасиетті жер қоқысханаға айналатын болды деп дүрлікті. Тұрмыстық қалдық тасталатын 25 гектар аумақта жүзге тарта бұлақ, өзен мен ескі қорым жатыр. Оның үстіне жайылым тапшы ел ол жерге малын да бағып жүр.
Автор: Бек Әбиев
24.05.2021
Жұрт мұны айтып шулағанымен, жергілікті әкімдік қоқыс орнын бекітіп қойғанбыз деп, полигон салуға арнайы техникасын жіберген.
Қазығұрт ауданында 11 жыл бұрын ашылған жалғыз қоқыс полигоны бар. Оны жаппақ болған шенеуніктер ауылдан бар-жоғы екі шақырым жерде тағы бір полигон салмақшы болған. Бірақ тұрғындардың жаппай қарсылығына тап болды. Себебі, қоқыс тасайтын жер үйлерге тым жақын әрі астында бұлақ сулары бар дейді тұрғындар.
Асан Атанбеков, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
- Жүзден астам өн бойында бұлақ бар. Осы бұлақтардан жиналған судың бәрі төменгі елдімекендерге барады. 500 үйдің төрт түлігі осында жайылып отырған жер, соның ортасынан полигон салғалы жатыр. Полигон салған жағдайда сол күл-қоқысты жеп қоректенеді, төмендегі улы суды ішеді. Улы суды ішіп барған сиыр сүтін немереміз, үлкен-кішіміз ішіп уланамыз. Бұл өзімізді қыру деген мәселе.
Қоқыс полигоны салынса жерасты суы да ластануы мүмкін. Себебі: бес метр тереңнен су шығып жатыр.
Бұл сайдың ортасы қоқыс полигонының шекарасы. Күні кеше шекараны қазып жатқан арнайы техниканы жұрт үлкен жанжалмен тоқтатып тастаған. Себебі, жыл сайын көктемде бұл саймен сел жүреді екен. Егер қоқысхана ашылса, селмен бірге қоқыс аржақтағы өзендерге құйылады, ары қарай ауылдарға тез жетеді. Қазығұрт ауданы экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұр дейді тұрғындар.
Сорақысы сол, қоқысхана салынатын аумақта ежелгі қоныстар мен көне қорымдар бар. Ел енді-ата-баба сүйегін қалдықпен көмеміз бе деп қапалы.
Мадияр Жолдыбаев, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
- Тасәуле, Қаленәулие деген әулиелер жатыр бұл жерде. Мына жерде ата-бабамыз баяғыда қоныстанған жерлері бар. Біз бұл жерді мусорханаға бергенше, біз кетпейміз. Осы жерде өлеміз. Жер берілмейді! Бермейміз!
Аудан шенеуніктері бұл жерге қоқыс полигоны салынады деген шешім 2014 жылы шыққан дейді. Тіпті тұрмыстық қалдық төгуге болмайтынын да біледі екен. Бірақ орнын ауыстырайық деп барғанда облыс экология департаменті құжат жобасына 55 миллион теңге жұмсалып қойған деп кері қайтарған.
Бақберген Құралбаев, Қазығұрт ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Біз оған дейінде аудан әкімін алып үш жерді аралап көрдік. Сол жерге рұқсат сұрап бардық. Дайын тұрған жоба. Қайтадан басқа жобаістегеннен гөрі, осының шешімін ауыстырып, осының мемлекеттік актісін ауыстырып істесек бола ма дедік. «Жоқ, болмайды» деді.
Ел дүрліккен соң полигон құрылысын әкімдік бірер күнге тоқтатуға мәжбүр болыпты. Енді апта ішінде қоғамдық талқылауға салады. Бірақ «аудандағы шенеуніктерге сенім жоқ» деген тұрғындар мәселені түбегейлі тексеруді сұрап, облыс әкімі мен прокурорға бармақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!