Роман Протасевичтің ұсталуын АҚШ, бірқатар Еуропа елдері айыптауда
Халықаралық тергеуді талап етті! Беларусьта халықаралық бағыттағы жолаушылар ұшағының мәжбүрлі қонуы мен Беларусь оппозициялық телеграмм-арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевичтің ұсталуынан кейін АҚШ және бірқатар Еуропа елдерінің ресми өкілдері үзілді-кесілді айыптап жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.05.2021
Бірер күндікте осы елдерден санкциялар да болуы мүмкін.
Ирландиялық «Райан эйр» әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Афиныдан Вильнюске ұшып бара жатқан. Беларусь әуе кеңістігіне келген кезде ұшақ ішінде жарылғыш зат бар деген желеумен Минск әуежайына мәжбүрлі түрде қондырылған. Оны мәжбүрлеген әскери ұшақ видеосы интернетте жарияланды. Жеті сағаттық тексеруден соң ештеңе табылмаған. Ал сол ұшақта болған Роман Протасевич пен тағы бес адам Минскіде қалатын болды. Оған былтырғы шеруді ұйымдастырушылардың бірі деген айып тағылған. Әрі оның «Некста» телеграм-арнасы елде экстремистік ұйым ретінде тіркелген.
Аталмыш оқиғадан кейін АҚШ пен бірқатар Еуропа елдерінің ресми өкілдері оппозиционерді дереу босатуды талап етті. АҚШ өзге әріптестерімен қандай шара қолданатынын ақылдасатынын мәлімдесе, Польша, Австрия, Литва сынды елдер Еуроодақтан санкцияны күшейтуді сұрай бастады. Ал Латвияның ұлттық әуе компаниясы Беларусь үстінен ұшпайтынын мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!