Психологтар: Поп-ит, симпл-димпл балаларға – қауіпті
Поп-ит және симпл-димпл еліміздегі балалар арасында трендке айналды! Түрлі-түсті ойыншықтарға қазір дүкендерде сұраныс көбейген. Десе де психологтар олармен ойнау қауіпті деп отыр. Өйткені осы ойыншықтардың кесірінен ұл-қыздарда зиянды әдеттер пайда болуы мүмкін.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
24.05.2021
Өйткені интернет-дүкендердегі аталмыш тауардың анықтамалығында аутизммен ауратын балаларға арналған сенсорлық ойыншық деп жазылған. Ал оның сапасыз материалдан жасалған арзан баламалары жүйкеге ғана емес, денсаулыққа да зиянын тиізуі мүмкін. Жеткіншектердің жаңа әуестігі жайлы тілшіміз біліп келді.
Поп-ит және симпл-димпл ойыншықтарын қазір еліміздегі кез келген дүкеннен табуға болады. Тіпті соңғы бір айда бұлар ең өтімді тауарға айналған. Сатылымда ойыншықтың түрлі пішіні мен түсі бар. Сатушылар бұл тауарларды ұл-қыздардың арнайы іздеп келетінін айтады.
Данагүл Жанәлиева, сатушы:
- Мұның бағасы мыңнан, мың жарымнан. Және де симпл-димпл деп аталады. Олар басқаша түрде болады. Олар қазір менде жоқ. Олардың да бағасы екі мыңға дейін барады. Бір күнде, кем дегенде 9-10-дайы сатылады. Бес жастан жоғары балалар қызығады.
Поп-ит пен симпл-димпл бүкіл әлемде тренд. Оның сананы жаулап алуына тикток желісіндегі аталмыш ойыншықтар туралы ролик те әсер етсе керек. Қазір түрлі-түсті ермек екінің-бірінде бар. Бұл ойыншықтардағы дөңгелектерді саусақпен басқанда дыбыс шығады. Сол арқылы антистресс ретінде де жүйкені тыныштандыруға көмегі тиеді дейді тұтынушылар.
- Тик-токта барлығы осыны түсіріп жатқаннан кейін алдық, көрейік деп, не екенін. Істеп көру үшін немене бәле екен дедік. Құр басылады, болды, дым қызығы жоқ.
Алғанына екі күн болды. Көшеде елдің бәрі осындай алып жүрген екен. Қыздардың қолында болғаннан кейін бәрі қызығады ғой. Сосын апасы алып берген.
Кішкентай балалардан бастап жастарға дейін поп-ит және симпл-димплмен ойнауға көшуі психологтарды қатты алаңдатып отыр. Өйткені бұл ойыншықтардың пайдасынан гөрі зияны көп екен. Тіпті адамды депрессияға ұшыратуы да мүмкін.
Елена Игина, психолог:
- Бұл ойыншықтармен бала жалғыз әрі еш ережесіз ойнаса, оның бойында зиянды әдет пайда болады. Яғни бір қимылды қайталай беруді әдетке айналдырады. Тек екі жасқа дейінгі бүлдіршіндерге ойыншықтың пайдасы болуы мүмкін. Онда да оны тек мұғаліммен бірге қолдану керек. Антистресс ретінде әрекет етеді деген де бос әңгіме. Адам ойыншық арқылы проблемадан уақытша қашып, артынша депрессияға түсіп кетуі мүмкін.
Психологтар бұл ойыншықтарды балаларға бермеуге кеңес беріп отыр. Өйткені интернет дүкендердегі бұл тауардың анықтамалығында аутизммен ауратын балаларға арналған сенсорлық ойыншық деп анық жазылған. Ал Ресейдің тұтынушылар құқығын қорқайтын федералды қызметі өзіндегі ғылыми институттарға жаңа ойыншықты жан-жақты тексеруді тапсырыпты. Сонымен қатар оны ойлап тапқандар авторлық құқығын бекітпегендіктен, оның арзан резеңкеден жасалған баламасы да базарларда қаптап тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!