Селфи жасаймын деген екі қыз Есілге батып өлді
Есіл өзенінде селфи жасамақ болған екі қыз суға батып кетті. Марқұмдардың бірі Петропавл колледжінің 27 жасар оқытушысы, екіншісі – 20 жастағы студент. Олар өзен жағасына демалуға оқу жылының аяқталуын атап өту үшін барған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
24.05.2021
Мұрат Қанғожинов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
- Өзеннің дәл сол тұсының ағысы өте қатты. Су астында ой-шұқыры көп. Байқамай бір адым аттағанда батып кетуің мүмкін. Өте қауіпті аумақ. Ол жерде суға түсуге тыйым салынған.
Тыйым салынғанына қарамастан, дәл осы жерге олар ұзақ жүріп, іздеп келіп тоқтаған. Өйткені әу баста таңдаған «Волна» демалыс орны өзен жағасынан алыстау болған. Бірақ «Сосновый бор» демалыс базасының да жағажайы жабдықталмаған. Сол жерде 11 студент пен жетекші мұғалім өзен жағалай жүріп суретке түскен. Оқу орнының биылғы түлектері осылайша өзіне естелік қалдырмақ болыпты. Топталып суретке түсуді аяқтаған кезде оқытушы мен студент селфи жасамақ болады. Осы сәтте екеуін ағыс алып кеткен. Студенттердің бірі жанталасып құтқармаққа ұмтылғанымен, үлгермепті. Сүңгуірлер екеуінің денесін жағадан 50 метр жерден, жеті метр тереңдіктен тапты. Ал колледж басшылығы студенттерінің жексенбілік саяхаты туралы «білмедік» деп отыр.
Бақытгүл Солтанова, М.Жұмабаев атындағы педагогика колледжі директорының орынбасары:
- Біз, колледж әкімшілігі жексенбі күнгі қыздардың демалысқа шығатынынан хабардар болған жоқпыз. Қыздардың туған-туысына қайғысына ортақтасып көңіл білдіреміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!