Биыл картоп неге удай қымбат?
Елімізде картоп бағасы шарықтап тұр! Өзіміздің былтырдан қалған өнімнің келісі қазір 250- 280 теңге аралығында сатылып жатыр. Былтыр дәл осы уақытта 150-170 теңге болған. Биыл шыққан қаратүйнек тіпті қымбат. Шетелден тасымалданатын картоп та удай қымбат.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы, Айман Нұрмағанбет
25.05.2021
Әсіресе Өзбекстаннан әкелінетін көкөністің келісі 500 теңгеге жуықтайды.
Жұрт «екінші нан» атап кеткен картоп жеңсік асқа айналып барады. Қазір базарлар мен дүкендерде қаратүйнектің Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті Мысыр мен Ираннан әкелінген түрлері бар. Алайда оны екінің бірі ала алмайды. Алматыдағы бір супермаркеттің өзінде Ташкенттен тасымалданған картоп келісі 475 теңге. Өзімізде өсетін қаратүйнектің де бағасы да қалыспайды. Сатушылар көтерме базардағы картоп құны күнде құбылатынын айтады. Дәл бүгін олар былтырғы өнімнің келісін 270 теңгеден сатып жатыр. Ал былтыр дәл осы уақытта көкөністің бұл түрі 150 теңге еді.
Жұрт былтырғы картоптың бағасына сапасы сай емес дейді. Жаңа шыққаны одан да қымбат. Оның келісі Алматыда 300-320 теңге аралығында.
Мұндай қымбатшылықты картопты өлке саналатын павлодарлықтар да сезініп отыр. Мұнда да былтырдан қалған өнім 250 теңгеден. Оның өзі таусылайын деген.
Алмагүл Рақымжанова, сатушы:
- Қордағы картоп бітейін деп қалды. Осыған дейін бізде әлеуметтік картоп болған. Ол 98 теңгеден еді. Бір апта бұрын таусылды. Енді ондай картоп болмайды. Өзіміз де көкөністі қымбатқа сатып аламыз. Үстіне қосатынымыз бес-ақ теңге.
Маңғыстау облысында бір ай бұрын 190-200 теңгеден сатылған картоп бүгінде 290-300 теңгеге бір-ақ көтерілген. Жалпы мұнайлы өңірге көкөніс пен жеміс-жидектің 80 пайызы сырттан тасымалданады. Сондықтан мұндай уақытта бағаның құбылуы қалыпты жағдай дейді көтерме саудамен айналысатындар.
Замин Сафаров, компания директоры:
- Қыстан көктемге ауысқанда картоптың бағасы аздап өседі. Бұл қалыпты жағдай. Себебі: көрші елдерден алдырған былтырғы өнім таусылып, жаңасы келіп жатыр. Бастапқыда бір ай картоптың құны қымбаттау болуы мүмкін. Кейін өнім көбейген соң, баға түседі.
Экономистер бұл пікірмен келіспейді. Олар қымбатшылықты пандемиямен байланыстырады. Әрі картоп бағасының енді түсуі екіталай деп отыр.
Арман Бейсембаев, экономист:
- Қазір барлық тауардың бағасы қарқынды өсуде. Бидайдан бастап етке дейін. Бұған қоса елімізде бензин, су және электр энергиясы қымбаттады. Бұл өнімді жинау, егу, суару және көкөністі күту шығынына кері әсер етті. Жалпы карантин әлемдік экономикаға үлкен соққы болды. Былтырғы локдаундардан кейін экономика қалпына келуге тырысып әлек.
«Жұрттың күнделікті ас мәзірінен табылатын картоптың бағасын билік бақылауға алса», - дейді сарапшылар. Әйтпесе ауыл-аймақтағы тұрғындардың бау-бақшасындағы өнім піскенше, баға осы деңгейде сақтала береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!