Асхат Аймағамбетов: Кім не десе де, алған бағыттан қайтпаңыздар
Бүгін еліміздегі 150 мыңдай мектеп бітіруші қоңыраудың сыңғырын соңғы рет естіді. Коронавирус пандемиясының кесірінен көп өңірде салтанатты шара онлайн өткізілді. Дәстүрлі форматтағы соңғы қоңырауды сағынғандар сценарийді реттеп, түлектерін үлкен өмірге мектеп ауласында шығарып салды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы, Гүлбағда Қайратқызы
25.05.2021
Түлектердің білім ордасымен қоштасу сәтін білім министрі де сағынғандай. Асхат Аймағамбетов ауылдағы соңғы қоңырауға қатысып, оқушыларға ақыл-кеңесін айтып қайтты.
Коронавирус пандемиясы осымен екінші рет соңғы қоңырау рәсіміне өзгеріс енгізіп жатыр. Былтыр оқушылар мектеппен виртуалды түрде қоштасқаны есімізде. Бұл дәстүрден биыл да жаңылмаған білім ордалары бар. Білім министрлігі соңғы қоңырау күнін атап өтудің үш түрлі жолын ұсынғанымен, Алматыдағы білім ордалары атаулы күнді компьютер алдында өткізді.
№54 мектеп-лицейде салтанатты шара Алматының «қызыл» аймақта болу себепті өткізілмеген. Түлектердің денсаулығына алаңдаған ұстаздар 11 жыл оқытқан оқушыларымен партада емес, интернет кеңістігінде қоштасты. Қоңыраудың соңғы сыңғырын мектеп бітірушілер үйде отырып, видеобайланыс арқылы естіді.
Құралай Ошанова, И.Панфилов атындағы №54 мектеп-лицей директоры:
- Алматы қаласында «қызыл» аймақта болғаннан кейін ата-аналар да, біздің түлектер де жауаппен, түсініспен қарап, бүгінгі онлайн ренжімге қатысып отырБылтыр да соңғы қоңырау мерекесі онлайн өткізілген. Келесі жылы пандемия бітіп, бәріміз мектеп қабырғасына балалармен бірге қайтсақ деп үміттенеміз.
Алматы секілді «қызыл» аймақтан бірнеше айдан бері шыға алмай жатқан Нұр-Сұлтанда соңғы қоңырау сән-салтанатымен соғылды. Мереке иісін сезінген елордалық түлектерге қойылған басты шарт – санитарлық талап сақтау. Шара әр бітіруші сыныпқа әртүрлі уақытта өтті. Ақ бантигін таққан қыздар, сыптай костюм киген ұлдар бетпердесін ұмытпады. Бір метр арақашықты сақтауға тырысты.
Ән айтып, соңғы қоңырау вальсін билеген түлектерге биылғы оқу жылы оңайға соқпапты. Оқушылар онлайн да, оффлайн да оқыған мектептегі шағын емес, алдағы студенттік өмірге асық.
Розалина Алкеева, мектеп түлегі:
- Биыл басқа жылға қарағанда мүлдем ерекше болды. Әрине, онлайн оқу барлық оқушыларға қиынға соқты. Өйткені басында мұғалімдеріміз оған үйренбеді, бірақ уақыт өте келе қолайлы жағдайға ауыстырып, оған үйрендік. Алда келе жатқан студенттік кезеңді асыға күтемін.
11 жыл оқытқан балаларына сәт-сапар тілеген ұстаздар қауымы салтанатты жиын біте ала, карантин шектеулерін бір-ақ сәтте ұмытты. Бір-бірін құшақтап, естелік суретке түсті. Бір балаға бір ата-ана келуге рұқсат деген талапты бұзбайын деді ме, білім министрі ауылдағы түлектерді құттықтап қайтқан.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Еш қиындыққа мойымаңыздар. Кім не десе де, кім қалай айтса да, өз бағыттарыңыздан қайтпаңыздар. Ата-анаға қамқор болыңыздар, ата-ананы сыйлаңыздар, аға-бауырды, іні-қарындасты да, қарым-қатынастарыңызды ешқашан үзбеңіздер. Барлығы өз қолдарыңызда.
Қала әкімі елордалық түлектерді бүгін құттықтай алмады. Жоспармен №67 мектепте өтетін салтанатты шараға қатысу керек еді. Алтай Көлгінов соңғы қоңырау күні коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Шенеунік келесі жылы оқушылардың партаға тезірек оралуын қатты қалап жүрген көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!