Ақтау әкімдігі сылағы түскен үйлерді қалпына келтіреміз деп отыр
Ақтауда сыртқы сылағы опырылып түскен үй әлі қирап жатыр. Сәл жел тұрса кірпіш сыртындағы қаптама теңселіп, тұрғындардың зәресін алады.
Автор: Айман Нұрмағанбет
26.05.2021
Үрейі ұшқан жұрт көпқабатты үйдің сыртында жүрмек түгілі, ішінде түнеуге қорқады. Өйткені жел соққан сайын сылағы сыпырылып түсіп жатыр. Қабырғаға орнатылған кондиционерлер де қираған. Құлаған қаптама газ құбырын зақымдап, көгілдір отын беру уақытша тоқтап тұр.
Қала әкімдігі тұрғын үйдің сыртын түгел алып тастап қайта жасаймыз дейді. Қажетті қаржы әкімдік есебінен бөлінеді екен. Себебі, бұл техногендік төтенше жағдай қатарына жатқызылыпты.
Гүлбаршын Қоңырова, Ақтау қаласы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс жөніндегі бас инспекторы:
- Бүгіннен бастап сыртқы келбетін жөндеу бойынша жұмыс басталды. Тез басталуына қаржы қажет. Ақтау қаласы әкімдігінің бюджетінен қаржы бөлінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!