Тоқаев: Алматыда электр орталығын газға көшіруді жылдамдату керек
Алматыдағы екінші жылу электр орталығын газға көшіруді жылдамдату керек. Оны кейінге соза берудің мәні жоқ. Ақордада электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осыны тапсырды. Елдегі қымбат тариф те президентті алаңдатып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
26.05.2021
Аймақтарда тарифң айырмашылығы 400 пайызға дейін жеткен. Бұл нарықтың дамуына кедергі келтіріп, энергияны үнемдеп тұтынуға кесірін тигізеді. Қазіргі өзекті болып тұрғаны, мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде жылу станциялары 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Сондықтан жартысынан астамы тозған. Соның салдарынан электр станциялары технологиясында заңбұзушылық артып отыр. Мәселен, алдыңғы жылы 4 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелсе, былтыр 4 жарым мыңға жетіп қалған. Мемлекет басшысы Алматыдағы екінші жылу электр орталығын газға көшіру жобасына арнайы тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бұл мәселенің стратегиялық мәні бар. Алматы қаласының экологиясы және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы аталған проблеманың шешілуіне байланысты. Сондықтан Үкіметке, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына әкімдікпен бірлесіп, екінші ЖЭО-ны жаңғырту жобасына қатысты мәселені түбегейлі нақтылауды және оны жуық арада іске асыруды тапсырамын. Мұны одан әрі соза беруге болмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!