Өрт неден болады?
Апат айтып келмейді. Алматының құтқару қызметі Риддердегі алапат өрттен кейін таулы-орманды алқаптарда өртке дайындық жұмысын пысықтауға кірісті. Өрт сөндірушілер Алма-Арасан шатқалын шарпыған жалынды жедел ауыздықтап, туристерді қауіпсіз жерге көшірді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
27.05.2021
Тау бөктерінде қызыл жалын тез таралатыны белгілі. Сондықтан тілсіз жауды сөндіруге Іле Алатауы ұлттық паркінің инспекторлары мен «Қазселденқорғау» мекемесінің қызметкерлері де жұмылдырылды. Қос тікұшақтың көмегімен техника бара алмайтын өрт ошағына тонналап су шашылды. Құтқарушылар табиғи парктің орман алқабына төнген қауіпті сейілтті.
«Алау-2021» оқу-жаттығуының сценарийі бойынша төтенше жағдайдан зардап шеккендерді құтқарып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Төтеншеліктер тауда жиі демалатын тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды сұрайды.
Руслан Қасыбаев, Алматы қаласы ТЖД бастығы:
- Риддердегі өрттен 31 үй өртеніп, зардап шеккендер болды. Соның алдын алу мақсатында осындай оқу-жаттығу өткізіп жатырмыз. Өрт неден болады? Өшірілмеген темекі мен жағылған оттан болады. Статитика бойынша, демалушылар қалдырған сынған әйнектің көзіне күн түсіп қызып, өрттің себебі содан болуы мүмкін. Әр адам қауіпсіздік шарасын сақтаса, өрттің алдын ала аламыз деп ойлаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!