Ақтөбелік шенеуніктер көпбалалы аналарға берген уәдесінен тайқыды
Ақтөбелік шенеуніктер көпбалалы аналарға берген уәдесінен тайқып кетті. Осыдан үш жыл бұрын баспанасы жоқ 50 отбасыға үй салуға саяжайдан жер телімін бөледі. Енді комуникация тартуға келгенде учаскіні бақша егуге көмек ретінде уақытша бердік деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.05.2021
Ашынған аналар әкімдікте шу шығарып, аймақ басшысымен кездесуді талап етті. Бірақ оларды Оңдасын Оразалин қабылдамай қойды.
Ақтөбенің шетіндегі «Энергетик» деп аталатын бау-бақша ұжымынан баспанасы жоқ көпбалалы 50 ана үш жыл бұрын жер алғанда қуанышы қойнына сыймаған. Солардың алды үй тұрғызып кіріп алса, қалғаны құрылыспен айналысып жүр.
Айнұр Кәрімбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Міне, бар ақшамызға салып жатырмыз. Су, жарық, газ келмесе, мен бұл жақта қалай тұрамын? Бес баламмен қалай отырамын? Қазір су тасып салғызып жатырмын.
Жер берген кезде шенеуніктер жарты жылда комуникация тартылады деп уәде беріпті. Үш жыл өтсе де сөзінде тұрмаған. Ашынған аналар облыс әкімдігінде шу шығарды. Аймақ басшысы Оңдасын Оразалинмен кездесуді талап етті.
Әкім аналармен кездесуге құлық танытпады. Ал қарамағындағылар баспанасыз әйелдерге жерді үй салуға емес, бау-бақша егуге бердік деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Ең қызығы, сусыз қалай бақша отырғызуға болатынын түсіндіріп бере алмады.
Сұлтан Аманчин, Ақтөбе қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Жер көмек ретінде берілген. Құрылыс соғуға берілген жоқ. Ол жер бау-бақша жүргізуге берілді. Нысанның мақсаты – бау-бақша. Сол себепті ол жерге бюджеттен ақша бөлінбейді.
Енді көпбалалы аналарға өз күшімен жарық пен су тартып алудан басқа амал жоқ. Өйткені шенеуніктер комуникацияға қатысты ештеңе айтпадық деп бет бақтырмады,
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!