Алматы маусымда «қызыл» аймақтан шығуы тиіс
Алматы маусым айында «қызыл» аймақтан шығуы тиіс. Қаланың бас санитар дәрігері осылай деп отыр. Өйткені өңірде індет жұқтыру көрсеткіші үш есеге дейін төмендеген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы, Жаңалық Ахаш
27.05.2021
Осыған байланысты қазір қаладағы уақытша инфекциялық стационарға айналған ауруханалар мамандандырылған салалары бойынша жұмысына кірісіп жатыр.
Ақтөбе облысында да эпидахуал оңалып «жасыл» аймақтағы сегіз өңірдің қатарын толықтырды.
Мутацияланған коронавирустың таралуының кесірінен бұл жолы Алматы «қызыл» аймақта ұзақ тұрақтады. Енді бұл қатардан шығатын уақыт таяп қалған секілді. Соңғы аптада қалада індет жұқтыру көрсеткіші үш есеге азайып, мамандарды қуантып отыр. «Эпидемиологиялық жағдай осылай өрбісе, маусымда қауіптің «қызыл» деңгейінен шығамыз», - дейді Жандарбек Бекшин.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:
- Сәуірде 700 жағдайдан өткен тәуліктен 290 және 300 жағдайға дейін төмендеді.Сырқаттану деңгейі соңғы аптада 7,7 пайызға дейін төмендеді.
Індетпен ауруханаға түсетіндер де азайған. Ковидтік стационар қызметін атқарып келген екі аурухана менбір перзентхана қалыпты жұмыс тәртібіне көшіріліп жатыр. Қала писсимистік жоспарға да сақадай-сай дейді мамандар.
Нариман Табынбаев, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:
- Қазір резервте 7011 төсек орын дайын тұр. 5094 орынды пайдаланып жатқанымыз. Оның 32 ғана пайызы қолданылуда. Қазір төсек-орынды қысқартып, оны әр емдеу мекемесі күнделікті бейімделген жұмысына ауыстыруға дайындап жатырмыз.
Бір күн «қызыл», бір күн «сары» аймақта болып келген Ақтөбе облысында да жағдай жақсарайын деген. Бүгіннен бастап өңір «жасыл» деңгейде. Осыған байланысты мұнда шектеу шаралары жеңілдетіліп жатыр. Жазғы мектептерде бір сыныптағы бала санын көбейтуге рұқсат етілген. Бұрын бір сыныпта бес оқушыдан артық болмауы керек болса, енді 15 бала оқи алады.
Гүлбану Дәулетова, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Ақтөбе облысы бүгіннен бастап «жасыл» аймаққа ауысты. Соңғы тәулікте 64 ауырғандар анықталды. Енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес облыс бойынша ашық кинотеатрларға, аквапарктерге, сонымен бірге жағажайларға рұқсат берілді.
Қазір коронавирустың таралуына байланысты «қызыл» деңгейде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Атырау, Қарағанды облыстары тұр. «Сары» аймақта Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Ал қалған өңірлерде індет қаупі төмен. Соған қарамастан соңғы тәулікте тағы 1849 адамның вирусқа тапсырған тесті оң шығыпты. Антирекордты Қарағанды облысы бастап тұр. Мұнда бір күнде 320 адам Covid-19-ға шалдыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!