«Астана ЛРТ» ісі: Кімге қандай жаза кесілді?
«Астана ЛРТ» сот ісіне нүкте қойылды. Айыпталушы орындығындағы жеті адамға 7 жылдан 10 жылға дейін жаза кесілді. Олар құрылыстың жоба-смета құжаттарын жасау, техникалық бақылау және кеңес беру қызмет ақысын 20 есе асырған. Тіпті сол қымбат қызметтің өзі аяғына дейін орындалмапты.
Автор: Ербол Тұрымбет
28.05.2021
Мемлекетке 5 миллиард 833 миллион теңгеден астам залал келтірген атышулы істің қорытындысы қандай? Кім қандай жазаға кесілді? Басты айыптыларға қатысты не айтылды?
Атышулы істің сот отырысы былтыр қазан айында басталған. Пандемия жағдайында болғандықтан, осыған дейін түгел онлайн өтіп жүрді. Тек бүгінгі үкім оқылар сәтте сот залына камера кіргізуге рұқсат берілді. Сонымен, ісі қаралған жетеудің жазасы былай болды.
Қаланың жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжоловқа прокурор 11 жыл сұрағанымен, сот 10 жыл жаза кесті. Қалалық мәлихаттың бұрынғы депутаты әрі хатшысы Жанат Нұрпейісов 8 жылға қамалды. Ал Astana Innovation» акционерлік қоғамының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім 7 жыл алды. Мердігер компаниялардың өкілдеріне де оңай жаза тиген жоқ. Арасында Ұлықбек Ачиловқа прокурор 11 жыл сұраған. Сот 8 жыл ғана берді. Дәурен Әбдіхамитов пен Тимур Қасабаев та осындай жазадан алды. Тек Дулат Мусенов қана 7 жыл алып, оның үстіне, осыған дейінгі қамауда отырған әрбір күні бір жарым күннен есептелетін болды. Есептей келгенде, 7 жылынан шамамен 4 жыл 7 айы ғана қалған.
Қажымұқан Мекемтасұлы, Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- «СТS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, бұрынғы «Астана ЛРТ-ның» азаматтық жауапкерлерге қатысты 5 833 300 827 теңге көлеміндегі азаматтық шағымы әрқайсының үлесіне сай қанағаттандырылсын. Соның ішінде сотқа дейінгі қылмыстық тергеуден босатылған азаматтарға да жүктеледі.
Қалалық сот таратқан ақпаратқа сәйкес, Аманжолов пен Нұрпейісов құрылыстың жоба-смета құжаттарын жасау, техникалық бақылау және кеңес беру қызметтері ақысын артығымен бекіткен. Ал мердігер компаниялардың өкілдері Ачилов, Қасабаев пен Мусенов және Әбдіхамитовтар одан ары ойдан шығарылған ұсақ мердігерлермен артық бағада келісім жасаған. Бюджет ақшасын сол жалған кәсіпорындар арқылы қалтаға басып отырған. Мемлекетке 5 миллиард 834 миллион теңге шығын келтірілген.
4 миллион теңгеден асқан сот шығыны да осы жетеуінің мойнына жүктелді.
Қылмыстық іс бойынша бар бүліктің басында қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен кезіндегі «Астана ЛРТ» компаниясының басшысы Талғат Ардан тұр. Ол екеуі шетелге қашып кеткендіктен, оларға халықаралық іздеу жарияланған.
Қазір қала көркін қашырып тұрған құрылыс жобасы сонау 2011 жылы басталған. Әу баста 1 миллиард 800 миллион долларға бағаланып, оған Қытай даму банкінен 20 жылға қарыз алынған. Кейін одан бас тартып, құны 1 жарым миллиардқа түсірілді. Сөйтіп қала әкімдігі құрылысты аяғына дейін жеткізу керек деген қорытындыға келіп, басқа демеуші іздеуге кіріскен. Деушінің табылмауына байланысты қазір атышулы құрылыс тоқтап тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!