{metadescription}
Вакцина: Көрсеткіш. Ауырғандар. Жұқтырғандар
Вакцина: Көрсеткіш. Ауырғандар. Жұқтырғандар

Вакцина: Көрсеткіш. Ауырғандар. Жұқтырғандар

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алғандардың саны енді ғана бір миллионнан асты. Ал вакцинаны алып, індетті қайта жұқтырғандар қатары 820 мыңға жеткен.

Аймақтардың арасында атыраулықтардың қарқыны тым бәсең. Қазір қазақстандықтар егіліп жатқан үш препараттың бірі – QazVac-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеуге алуы мүмкін. Бүгін отандық препараттың тиімділігі мен алдын ала нәтижелерін ел президенті халықаралық ұйымның басшысымен талқылады.

Қазақстандағы вакциналау қарқыны денсаулық сақтау министрлігінің ойлағанындай болмай жатыр. Мамыр айында төрт миллиондай ел азаматы коронавирусқа қарсы вакцина салдыруы керек еді. Бірақ ресми дерек бойынша екпені толық 1 миллион 21 мың адам ғана алды. Дегенмен шенеуніктер індетке қарсы препараттың тек бірінші компонентін алған 2 миллионды айтып жар салып жүр. Мұндай көрсеткішті естіген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанға «жақсы» деген баға беріп үлгерді.

Ұйымның бас директорынан осындай оң пікір есту Қазақстан басшылығын бір марқайтты. Алдағы уақытта халықаралық мекеме отандық QazVac вакцинасының әзірлемесін қолдаса, біздің шенеуніктердің кеудесін мақтаныш сезімі кернеп тұр. 

Тедрос Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:

Бүгінге дейін 2 миллион адамға вакцина салынған екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Көптеген ел мұндай деңгейге жеткен жоқ. Халықтың 55 пайызына екпе саламыз деген мақсаттарыңыз қолдауға тұрарлық. Қазіргі таңда вакциналау науқанын жүргізіп жатқан елдердің нәтижесін айқын көріп отырмыз. Ауыратындар қатары, жұқтыру көрсеткіші азайып жатыр. Барлық қауіпсіздік ереже сақталу керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцина салдырудың маңыздылығы туралы ұстанымын отандық дәрігерлер де айтудан жалықпай келеді. Мамандар коронавируспен ауырып шыққан науқастардың өзі екпе салдыруға қарсы болмауы керек дейді.

Ләззат Ералиева, ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасары:

Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар да вакциналаудан бас тартпауы керек. Өйткені уақыт өте келе антиденелерді қорғау деңгейі төмендейді және вирусты қайта жұқтыру қаупі туындайды. Вакцинаның алғашқы дозасынан кейін антиденелер өндіріле бастайды және уақыт өте келе, ол көбейеді. Бірақ вакциналаудан кейінгі алғашқы күндері, қорғаныш антиденелері пайда болғанға дейін адам ауруға қайта шалдығуы мүмкін, әсіресе эпидемияға қарсы шаралар сақталмаған жағдайда.

Елде 1300 егу пункті жұмыс істеп жатса да, азаматтардың әлі де болса вакцина салдыру қарқыны бәсең. Себебі: өңірлерде түсіндіру жұмысы әлсіз. Мәселен, бүгін ғана «қызылдан» «сары аймаққа» ойысқан Атырау мен Маңғыстау облысы вакцинаны игеруде ең соңғы орында. Сәуір айынан бері вакцина алуға тиісті атыраулықтардың 25 пайызы ғана екпе салдырған. Ал мұнайлы өлкеде 15 зертхана жұмыс істеп тұрғанымен, екпе алғандардың саны көңіл көншітпейді. Осыған байланысты  қазір арнайы мобильді топ құрылып, мамандар олқылықтың орнын толтыруға тырысып бағуда.

Асхан Байдуәлиев, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Атырау облысында 50 мыңнан астам адам екпе алды. Қоймаларға 1-ақпаннан бастап вакцинаның 74 200 дозасы жеткізілген, оның тек 50-ден астамы игерілген. Менің ойымша, алдағы күндері вакцинаның қалған 23 мың дозасын игереміз. Түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізіп келеміз.

Сауда үйлері, сауда ойын-сауық орталықтарын қойып, Қарағанды билігі тұрғындарды базарда вакциналауды бастады. Дегенмен алғашқы күні екпеге кезекке тұрғандар байқалған жоқ. Оның үстіне вакцинаның таңдау мүмкіндігі де болмады. Қытай мен Араб Әмірліктері бірлесе өндірген жалғыз Hayat-Vax екпесіне ел үрке қарағандай. Өйткені орталықтағы жұрт жарнамасы жер жарған «Спутникті» ғана біледі.

Гүлзат Нұрпейісова, дәрігер:

Тұрғындар бұл екпенің мінездемесін білмейді. Сондықтан осы жерде таныстырып, түсіндіріп жатырмыз. Білінетін әсерлерін айтамыз. «Хаят» вакцинасы өлген вирустан жасалған, денсаулыққа зияны жоқ.

Қарағандылықтардың қарқыны вакциналау кестесінің үштігіне кіреді. Ал Алматы мен Алматы облысының халқы ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға белсенді .

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде