Шымкентте феминистер полицейлермен жаға жыртысты
Шымкентте полицейлермен жаға жыртысқан феминистер жазасыз қалған сияқты. Өйткені екі күн бұрын қамауға алынған қос әйел туралы полицейлер мардымды ақпарат бермеді. Өткен демалыста «Феминита» қозғалысының өкілдері Шымкентте жиын ұйымдастырмақ мақсатта жас қыздармен кездесуі бүкіл Шымкентті дүрліктірген.
Автор: Бек Әбиев
31.05.2021
Тіпті полицияның погонын жұлып, кей азаматтарға ауыр сөз айтқан. Осыдан кейін наразы жұрт олардың заң алдында қатаң жауапқа тартылуын талап етіп полиция бөліміне де барған. Бірақ ұсталғандардың қандай жазаға тартылатыны әлі белгісіз.
Гендерлік саясатты сылтауратып Шымкентке келген феминистер дәмханалардың біріне жиналған. 20-дан астам өрімдей жас қыздарды бұл жерде қала тұрғындары күтіп тұрған. Олар дәстүрге қайшы ұстаныммен өмір сүретіндерден қаладан кетіңдер деп талап еткен. Тіпті айтқанға көнбесе, күшпен сүйреп шығаруға да әзір еді. Алайда дәл осы сәтте полицейлер келіп феминистерді әкетіп үлгерді. Десе де тәртіп сақшыларының бұйрығына көнбеген белсенділер жаға жыртысуға дейін барды.
Арпалыста погоны жыртылған полицейлер елдің дегбірін алған қос әйелді Абай ауданы полиция бөліміне әкеткен. Ал ашуға мінген топ олардың артынан бөлімшеге дейін барды. 100-ден астам жігіт, қазақ қыздарына «арсыздықты насихаттады» деген феминистерді өздері жазалауға бел буған.
Аманғали Әбдіразақ, Шымкент тұрғыны:
- Сол жерде шығып жатқан оқушыларды қарасақ, 20-ға да толмаған, кәмелетке де толмағандар. Соларды насихаттап емін-еркін шәй ішіп әңгімелесіп отыр. Сосын аялдамаға шыққаннан кейін екі қыз сүйісіп тұр. Қызбен қыз сүйісіп тұр! Қызбен қыз үйлену керек дейді. Ертең менің інім анау Жасұлан деген жігітпен үйленемін десе, маған қалай тиеді? Ей, қазақ, қарсысың ба?
- Қарсымыз!
«Ар-намысымыз тапталды» дегендер феминистер заң алдында жауап берсін деп, полиция бөлімінің алдында арызды қарша боратты. Жиналғандардың айтуынша, бір күннің ішінде үш мыңнан астам адам қол қойған.
Арман Таңсықбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Қазақ тарихында болмаған «голубойларды» үрім-бұтағымен келген жеріне қайтарып жіберуін сұраймыз. Абй ауданындағы қамалып отырған әрбір «голубойды» дұрыс шешім шығара алмаса, халыққа берсін. Біз өзіміз оларды шыққан жеріне қайта тығуға дайынбыз.
Полицейлерден жауап беруін талап еткен топқа департамент бастығы шықты. Погон жыртылғаны үшін де, ар-намысты таптағаны үшін де іс қозғаймыз деп көпшілікке уәде беріп, шулағандарды сабырға шақырды.
- Арыз жазыңыздар, ұжыммен, қол қойыңыздар, қабылдап аламыз. Біз ары қарай жұмыс істейміз. Дұрыс па? Қашып жатқан жоқпыз ғой.
- Дүйсенбіде осы іс бойынша жауап ала аламыз ба?
- Дүйсенбі күні, иә, жауап береміз.
«Дүйсенбіде түсініктеме беремін» деп ант-су ішкен генерал Ералы Жұмаханбетов уәдесінде тұрмады. Ұсталғандарға қатысты қай баппен іс қозғалғанын да айта алмады. Сондықтан феменистер мен ЛГБТ қозғалыстарына қарсымыз деген топ енді жаппай ішкі істер министрлігіне арыз жазып жауап алмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!