Елордада шағын сауда үйлері демалыста жұмысқа рұқсат сұрап отыр
«Бәріне тең мүмкіндік берілсін»! Елордада шағын сауда үйлері демалыс күндері де жұмыс істеуге рұқсат берілуін сұрап отыр. Олар табысының кемінде 50 пайызынан айрыла бастаған. Басқарушы және қызмет көрсетуші компаниялар қауымдастығы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге қаланың бас санитар дәрігеріне ұсыныспен қайта шықты.
Автор: Ербол Тұрымбет
31.05.2021
Шағын сауда үйлері осыған дейін де өтініш берген. Бірақ ішінде вакцина салдыруға арналған 100 шаршы метр аумағы жоқ, санитарлық талаптарға сай емес деген желеумен ұсыныс кері қайтарылыпты. Ал бүгін ұсыныспен қайта шығуының бірнеше себебін атайды. Мәселен, Алматы мен астананың кәсіп нысандарының 60 пайызы аталмыш ұйымға кіреді. Демек олардың жағдайы қиындаса, жұмыссыздық көбейеді, салық түсімі азаяды. Оның үстіне ірі сауда орталығына барғандар екпе салдыра қояды дегенге сенім жоқ. Себебі: оған қатысты арнайы әлеуметтік зерттеу жасалмаған. Вакцина орталығын ашқан ірі сауда орталықтарында еш өзгеріс болмапты. Жұмыс күндері қалай істеп тұрса, демалыс күндері де сол санитарлық талаптан артық шара қолданылмаған. Демек шағын сауда үйлеріне де солармен тең жағдай жасау керек дейді палата өкілдері.
Бейсен Жолболдиев, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Басында бірнеше шешімге бас бұрдық. «Ашық» жобасымен кіруді ойладық. «Ашықты» қолданатын болсақ, көптеген адамдардың бір уақытта келіп-кетуіне қиындық туғызады. Сол себепті вакцинасы бар, не жоқ сауда орталықтарына бірдей уақыт беру керек. Бірдей режимді, уақыт талабын енгізу керек деп ойлаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!