Қоғам белсенділері: автобус жолағын пайдалануға рұқсат бермеу керек
Қазақстандық көлік жүргізушілеріне кептелістен тыс кезде автобус жолағын пайдалануға рұқсат бермеу керек. Осылай деген қоғам белсенділері бүгін ішкі істер министрлігінен ашық талқыға түскен жобаны кері қайтаруды сұрады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
31.05.2021
Олар автобус жолағына қатысты заң күшіне енсе, қоғамдық көліктің жұмысына әсер етіп, жол апаты көбейетініне сенімді.
Диас Маратұлы, Urban Forum Kazakhstan сарапшысы:
- Бұл заң қазір бүкіл Қазақстан бойынша ортақ енгізілейін деп жатыр. Алайда бізде әртүрлі қалалардағы жағдайлар бөлек-бөлек болып келеді. Мысалы, Алматы қаласында БРТ желісі бар. БРТ желісінде автобус аялдамалары жолдың орта жағында тұрады. Ал егер ол жерге жеке көлік кіретін болса, ол бүкіл адамды шатастыратын болады. Сол себепті апат көбейеді.
Қазір автобус жолағы жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, полицейлер мен веложолдары жоқ велосипедшілерге ыңғайлы. Урбанистердің пікірінше, «Бас лайнға» өзгеріс енгізгеннен гөрі, қоғамдық көлікті дамытуға күш салу қажет.
Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:
- Елдімекендерде жол қозғалысын ұйымдастыруға және көше-жол желісін басқаруға заң жүзінде жауапты жергілікті атқарушы органдар көшелердің жалпы жүктемесін, қозғалыс қарқынын, қоғамдық көлікке арналған жолақтың өткізу қабілетін зерттеп, тиісті сараптама негізінде талдайды. Жария талқылау, халықаралық тәжірибені зерделеу нәтижесін қоса алғанда, бар жиналған материал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне енгізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!