Жүргізушілер жаппай наразылыққа шығып жатыр – Ақылы жол
Көлік жүргізушілері ақылы жолдың қымбаттауына қарсы. «Қазавтожол» компаниясы 1-маусымнан бастап 18 жол бөлігінің ақылы болатынын хабарлаған. «Әр шақырымына 35 теңгеден төлейді» деген әңгімені естіген жүргізушілер бүкіл елде жаппай наразылыққа шығып жатыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап, Жаңалық Ахаш, Тәуірбек Бозекенов, Айман Нұрмағанбет
31.05.2021
Ақтөбе облысында жолдағы қозғалысқа кедергі жасамақ болды деп полиция 11 адамды ұстап әкеткен.
Алматы-Бішкек тас жолының бойына жиналғандар ақыны азайтпаса, жұмысқа шықпайтынын жеткізді. Мұндай шудың боларын күтпеген «Қазавтожол» компаниясы әліптің артын бағайыққа салып, мәселенің қалай шешілетінін айтпай отыр.
Алматы қаласының шыға берісіндегі дәмхананың алдына топтасқандар – айлығын алыс жолға шығудан табатын жүргізушілер. Полицейлер жүк көлігін мұнда қаңтаруға рұқсат бермеген соң жаяу-жалпылап жетті. Талап: тас жолдағы тарифті көтермеу.
Рамиль Кулиев, жүргізуші:
- Алматыдан Оралға дейін мен болайын, басқа біреу баратын болса, 80 мың төлеу керек екен. 1980 жылдан бері картада көрсетілген Қызылорда мен Жезқазғанмен екі ортада, ол жақта мүлдем жол жоқ. Өзіміздегі Қарағанды,Алматы, Нұр-Сұлтанда да жол жоқ. Ол жолдарды қалай ақылы қылады? Халықтың бәрі соған наразы.
Даудың басы «Қазавтожолдың» ұзындығы алты мың шақырымға жуық 18 жол бөлігінің 1-маусымнан бастап ақылы болады деген хабарынан басталды. Алдын ала интернетпен төлем жасаса – 25 теңге, бекетте ақысын төлесе, шақырымына 35 теңге төлеуі керек деген хабар құлаққа түрпідей тиген. Жүргізушілер мұндай ақыны алып тастамаса, жолды жауып тастауға дайын.
Қуат Байжұмаев, жүргізуші:
- Халыққа өздері тиісіп отыр ғой. Тыныш жатқан адамды өздері шұқылап отыр. Солярка бағасын көтеріп жатыр, неғып жатсың деп үкімет өзі шұқып жатыр. Оның бәріне тиіспесе, нанына тиіспесе, қайтеді? Қарны тоқ болса, қарапайым халық шырылдамайды, ешқайда шықпайды.
Ақтөбе облысында да 300-ге жуық жүргізуші талап-тілегін айтуға Самара-Шымкент трассасына жиналды. «Жолға шығып қозғалысқа кедергі жасады» деген желеумен 11 адамды полиция учаскесіне алып кетті. Солардың арасында айыппұл арқалағандардың бірі – Медет Қуатов заңға қайшы ешнәрсе істемедік, керісінше, бізді қыспаққа алды дейді.
Медет Қуатов, жүргізуші:
- Полиция бөлімшесінің бастықтары қысым жасап, не істеп, біздерді алып, ОМОН-мен келіп тиеп алып кетті. «Енді шығатын болсаңдар, біз сендерді қамаймыз» деп айтты. Бізге айыппұл салды, әкімшілік құқықбұзушылық деп. Әкімшілік құқық бұзған жоқпыз.
Ал кеше ғана "Атырау-Ақтау" тас жолының бойында жүк көлігінің жүргізушілері шу шығарса, бүгін қала ішінде бас көтерді. Бәрінің базынасы бір: жолға төленетін ақыны шақырымына 5 теңгеден жоғары көтермеу. Жиналған топ батыс аймақта тұратын ауыр жүк таситын көлік жүргізушілерін облыс аумағында тегін жүргізуді талап етіп отыр.
Ерболат Байғабылов, жүргізуші:
- Қазір тегін жол. Қасынан ақылы жол салсын. Жол керемет болса, бәрі сонымен жүреді. Қаіпті жолмен жүргенше, жақсы жолмен жүрген жақсы емес пе, дұрыс па? Жеке басым күшті жол салып берсе, сонымен жүремін.
Маңғыстау облысында да жүргізушілер осымен айтқанынан қайтпай, наразылық шарасын жалғастырып жатыр. Бұл аймақта Атыраудан Ақтауға дейін, Бейнеу ауданынан Өзбекстан шекарасына дейінгі жол ақылы болмақ. Күре жол арқылы облысқа азық-түліктің 80% сырттан тасымалданады. Егер жолды ақылы қылса, онда тамақ та қымбаттауы мүмкін, дейді жиналғандар.
Талғат, жүргізуші:
- Қазіргі қиын заманда жолды ақылы қылу Үкімет тарапынан, негізі, дұрыс емес. Халықпен келісу керек еді. Халықтың жағдайы қазір мәз емес. Өздерің білесіңдер, несие төлеу керек. Машинаның жағдайы бар. Халықты қыса бергенде, халықтан шығатын ештеңе қалған жоқ.
Республика бойынша наразылыққа шыққан жүргізушілерді «Қазавтожол» сабырға шақырады. Маусымнан бастап 18 учаске ақылы болады деген хабарды растағанмен, бәріне бірдей айдың басынан төлем алынбайды. Жөндеу көбінде аяқталмаған. Ал жүргізушілер айтқандай шақырымына 35 теңге төлейді деген жаңа тариф бекітілмеді дейді.
Диас Ахметшәріп, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ ресми өкілі:
- 2013 жылдан бастап жол төлемі өзгерген жоқ. Тариф. Жеңіл көлік үшін әр шақырымына бір теңге. Жүк көліктеріне 5-25 аралығында. Ол артып алған жүгіне байланысты. Бізде алты санатты жүк көліктері бөлінеді.
«Қазавтожолдың» бұл жауабы жүргізушілерге жұбату болмай тұр. Ақылы еткізілетін 18 жол бөлігінің бәрінің ой-шұңқыры бітеліп, тақтайдай сайрап жатпағанын басқасы басқа, олар күнде көзімен көріп, азабын тартып жүр. Наразылық толқуға ұласпас үшін «Қазавтожол» компаниясы жұмыс тобы құрылғанын, барлық шағымды тыңдауға дайын екендігін жеткізіп, әзірге әңгімені жылы жапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!