{metadescription}
Шарында бір тәулік жапа шеккен қаршадай қыздың айтқаны ...
Шарында бір тәулік жапа шеккен қаршадай қыздың айтқаны ...

Шарында бір тәулік жапа шеккен қаршадай қыздың айтқаны ...

Шарын шатқалындағы селден зардап шеккен үш оқушы ауруханада емделіп жатыр. Апаттан аман қалған өзге оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар үйіне жіберілген. №199 мамандандырылған гимназия әкімшілігі экскурсия жайында тек оқиғадан кейін бір-ақ білдік деп ақталды.

Өткен демалыста Шарын шатқалына экскурсияға шыққан 16 адам да сел жүргенде таудан аққан лай судың астында қалып қойған. Табиғат апатынан 5-сынып оқушысы мен 26 жастағы мұғалім қаза тапты. Марқұмдардың туыстарына күллі ел қайғырып көңіл айтып жатыр. 

Баласының денсаулығына алаңдаған Асылбек үш күннен бері аурухана алдында жүр. Қызы Шарын шатқалындағы селден зардап шеккен оқушылардың бірі. Болған жайтты жігіт ағасына сонда демалып жүрген ресейлік турист хабарлапты. Сол күннен бері жаны жай таппаған Айзеренің әкесі абыр-сабырда оқушыларға көмек қолын созған жандарға алғысын білдірді.

Асылбек Тұрмағамбетов:

- Мамырдың 29-ы күні телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау түсті. «Сіз Айзеренің әкесіз бе?» - деп, өзін таныстырды. Мәскеуден келген турист екен. Журналист. Оған қызым менің нөмірімді айтыпты. Содан естіп, бірден Шонжыға бардық. Демалысты ата-аналар ұйымдастырып, табиғатты көрсін деп оқытушылардан сұрап сол жаққа барған.

Айзереден басқа тағы екі қыз ауруханада емделіп жатыр. Барлығы басынан жараланған, денесі сырылып, көгерген. Абырой болғанда оқушылардың еш жері сынбапты. Дәрігерлер 10,11 жасар қыздардың жағдайы қалыпты екенін жеткізді. 

Есентай Жанабаев, Алматы аймағы балалар клиникасы  ауруханасының нейрохирургі:

- Жансақтау бөлімшесіне жатқыздық. Керек дәрілерін алып жатыр. Рентгенде сынған жері анықталған жоқ. Ота жасалмайды. Қазір жарақатқа байланысты терапия, ісікке, шокқа қарсы препараттар алып жатыр.

Өткен сенбіде Шарын шатқалында қатты сел жүріп, табиғи апаттан №199 мамандандырылған гимназияның мұғалімі мен 5-сынып оқушысы мерт болған. Марқұмдармен бірге экскурсияға барған оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар, бас-аяғы 12 адам селден жапа шекті. Ал су ағысымен кетіп жоғалған 11 жасар Зерені ұлттық парктің үш қызметкері күні кеше  іздеп тапты. Бір тәулік бойы жапан далада жалғыз қалған қаршадай қыз басынан өткізгенін өз аузымен айтып берді.

Зере Бейсембей:

- Жаңбыр жауып кетті. Бәріміз тығылдық. Бұршақ жауды. Сосын тасты ұстадық. Мен жібере салдым. Сосын тастың бір бұрышын ұстап алдым. Жағалауға шықтым.    

Алматы қаласындағы №199 мамандандырылған гимназияның ұстаздары білікті әріптестерінен ойда-жоқта айрылып қалғанына қапалы. Мектеп ұжымы 26 жасар Мерей Ибрагим балаларды құтқарамын деп, өзі ажал құшты дейді. Педагог білім ошағында оқушыларды қышпен жұмыс істеу өнеріне баулыпты. Мектеп ұжымы марқұмды жаны жайсаң, өз ісін жақсы білетін жауапты маман еді деп күрсініп еске алды.

Гүлзада Жақсымбетова, Алматы қаласы №199 мамандандырылған гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Мектептің алғаш ашылған күнінен бастап қышты өңдеу пәнінен сабақ берді. Жас, талантты жігіт болатын. Мектеп ұжымы мен оқушылар оны жақсы көретін. Аса мейірімді жақсы жан. Бұл демалыс ата-аналар тарапынан болған ұсыныс. Оны мектеп әкімшілігі білмеді. Мектеп әкімшілігін ескертпеді.

Білім басқармасындағылар да ата-аналар тарапынан ұйымдастарылған экскурсиядан мектеп директоры хабарсыз болғанын айтады. Ескертілмеген демалыстың жай-жапсарын қазір арнайы комиссия тексеріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі селдің жүруіне ауа райының күрт өзгеруі әсер еткенін жеткізді. Өткен сенбіде бұршақ аралас жаңбыр жауып, таудан аққан лай судың деңгейі көтерілген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

11 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде