Тараз тұрғындары орталықтағы үйлердің сүрілуіне қарсы
Таразда 100-ден аса отбасы билік шешіміне қарсы шықты. Наразы жұрттың айтуынша, шенеуніктер мемлекет мұқтаждығы деген желеумен орталықтағы зәулім үйлерді сүріп тастамақ.
Автор: Руслан Әбдіхалық
01.06.2021
Ал тұрғындардың көбі қара шаңырақты қиратуға құлықсыз. Оның үстіне бұзылған баспанаға төленетін өтемақы да мардымсыз.
- Қара шаңырақ деген болады. 50-60 жылдан бері тұрып жатырмыз. Келді де, енді аяқастынан көшіңдер дейді.
Өсіп-өнген қара шаңырақты ешкімнің тастап кеткісі жоқ. Сол үшін тұрғындар билікпен айқасып жатыр. Жұрттың бәріне үш ай бұрын үйлерінің бұзылатыны туралы ескерту парағы берілген. Бірақ онда жер телімі қандай қажеттілікке алынатыны айтылмаған. Ал жуырда тәуелсіз сарапшылар әр баспананың құнын шығарған. Бұқара онда зәулім ғимараттың өзі тиынға бағаланған дейді.
Қуанышбек Алыпқашов, Тараз тұрғыны:
- Көшкенде мынадай қорлаудың керегі жоқ. Баға деген қазір қандай? Беріп жатқан ақшаға жер алып жер алған соң үй соғу керек шығар? Тегін ештеме болмайды ғой.
116 үй қаланың орталығында орналасқан. Бұл маңға «Көне Тараз» кешені түскен соң, әр баспананың құны шарықтап шыға келген. Сол себепті бұқара үйін арзанға сатқысы жоқ. Тұрғындар жер мемлекет қажеттілігіне десе, амалсыз келісуге бар. Тек тәуелсіз бағалаушылар бағаны нарық құнымен есептесін дейді. Өйткені мемлектет ұсынған ақшаға үй түгілі, лашық салу мүмкін емес екен. Мұндағы бизнесмендерге де қиын болғалы тұр. Себебі: кәсіпкерлік нысандары бағаланбай жатыр.
Айжамал Дубаева, кәсіпкер:
- Әншейін үй емес, дүкен, соған 18 мың беріп отыр. Ол не деген сұмдық! Төрт отбасы қанша жыл тұрған. Кімнен сұраса, сол айтады. 18 миллион беріп отыр.
Әкімдік өкілдері мемлекет мұқтаждығына алынып жатқан жерге тұрғын үй салынбайды деді. Айтуларынша, сегіз гектар аумақта «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің жалғасы ретінде түрлі ғимарат бой көтереді. Ал сарапшылар бекіткен бағаға келіспегендер сотқа жүгінсін дейді.
Асхат Есеналиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл кісілердің талабы үйдің және мүлкітің бағасымен келіспеу. Біз бұл кісілерге ұсынып жатырмыз. Бәрі заң аясында болады. Егер осы бағалаумен келіспейтін болса, 20 күннің ішінде нақты жауабын жер бөліміне өткізеді.
Атқамінерлер жер мен мүлік бағасының шарықтап кетуі өтемақы төлерде ескеріледі дейді. Дегенмен бұл дау бүгін-ертең бітпейді. Өйткені жұрт сұраған сомасын алмаймынша, баспанасын босатпауға бекінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!