ЮНИСЕФ Қазақстанда мектептер қашан ашылатынын айтты
Қазақстанда мектептер 1-қыркүйектен бастап ашылуы керек. ЮНИСЕФ білім және ғылым министрлігіне осындай ұсыныс білдірді. Себебі: пандемия салдарынан әлемде оқушыларға білім алу қиындаған. Мұндай жағдай Қазақстанда да байқалып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
01.06.2021
Халықаралық ұйымның Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизеннің айтуынша, пандемия кезінде мектептердің жабылуы салдарынан әлемде әрбір үшінші бала қашықтан сабақ оқи алмаған. Ван Дизен осындай жағдай біздің елді де айналып өтпегенін айтады. Дегенмен мектептерді ашқан кезде санитария-эпидемиология талабының сақталуын да ескертті.
Білім министрлігінің мәліметінше, өткен оқу жылының бірінші тоқсанында 2 жарым миллион бала қашықтан білім алса, төртінші тоқсанда ол 1 миллион 300 мыңға дейін қысқарған.
Артур ван Дизен, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы:
- Қазақстан ЮНИСЕФ-і білім берудегі шығынды анықтауға сараптама жасауды ұсынады. Оның қорытындысы бойынша оқушылардың білімін жекелеген түрде қалпына келтіруде бағдарлама құру әрі тестілеуді ұсынады. Осындай бағдарламаны құруда ЮНИСЕФ Қазақстанға көмек көрсетуге дайын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!