Эпидахуал тұрақтала бастады – Алматы «сарыға» ауысты
Еліміздегі эпидахуал біршама тұрақтала бастады. Екі айдан аса «қызыл» аймақта тұрақтаған Алматы қаласы бүгін «сарыға» ойысты. Қазір қауіпті деңгейде Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола мен Қарағанды облыстары ғана қалды.
Автор: Салтанат Шырынхан
01.06.2021
Үкіметтің бүгінгі отырысында Денсаулық сақтау министрі бұл жаңалықты қуана жеткізді. Қазір ең көп вирус жұқтырғандар Қарағанды облысынан анықталуда. Тәулігіне 260 адамнан ауру табылып жатыр.
Елде коронавирус соңғы тәулікте 1123 адамға жұғып, 19 науқастың өмірін жалмаған. Республика бойынша ауруханада ем қабылдап жатқан 10 мыңға жуық адам қалыпты. 777 адамның халі ауыр болса, 95-і жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дегенмен денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, дерт жұқтырғандар саны 21 пайызға азайған. Оған қауіптің «жасыл» деңгейіндегі өңірлердің артуы дәлел. Қазір онда Шымкент қаласы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары бар. Бұл бірінші кезекте вакциналаудың арқасы дейді Алексей Цой.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Биыл 1-маусымдағы жағдай бойынша республикамызда инфекциялық төсектердің қамтылуы 28%, жансақтау бөліміндегі төсектердің қамтылуы 24% құрайды. Алматы қаласында 2,3 есе, Алматы облысында 1,9 есе, Ақтөбе облысында 1,8 есе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында 1,6 есе оң көрсеткіші байқалады. Соңғы екі аптада емделіп жатқан науқас саны 12 мыңға азайды. Бұл бірінші кезекте вакциналау қарқынына байланысты. Екпе алуды әлде де жылдамдату қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!