Викторовкада қыруар қаржыға тартылған су жүйесінде су жоқ
Ақмола облысындағы Викторовка ауылына мемлекеттік бағдарламамен тартылған жаңа су жүйесі жұрттың жүйкесін тоздырып тұр. Былтыр желтоқсанда 335 миллион теңге жұмсалған нысанды тұрғындар игілігіне жарата алар емес. Тіпті суды үйге тартып алғандардың өзінде шүмектен тамшы тамбағандар бар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
02.06.2021
Ал ауылдағы 314 үйдің 52 сі тіпті сметалық жобаға кірмей қалыпты.Қазір басшылар мердігерге, мердігер жоба авторына сілтеумен келеді екен.
Викторовка ауылының 1,5 мыңдай тұрғыны бар. Өткен жылы жаңа су құбыры тартыла бастағанда ауыз су машақаты түбегейлі шешілер деп күткен. Бірақ қыстай қар ерітуге тура келіпті. Енді ескі құбырға зар болып отыр.
Ауылдың астан-кестеңін шығарып, жаңа жылға дейін суқұбырын тартқан мердігер компаниядан нысанды арнайы комиссия қыс ішінде қабылдап үлгерген. Ізінше сақылдаған сары аязда соры қайнаған қарапайым халық су іздеп әлек болыпты.Жер астындағы құбырлар қатып, үйіне дейін тартылған су ақпай қалған.Енді құбырды қайта қазуға тура келіпті.
Александр Дель, Викторовка ауылының тұрғыны:
- Қалай болса солай істей салды. Көзбояушылық. Мамандары болмады. Осы ауылдағы жас жігіттер жұмыс істеді. Мен өмір бойы су шаруашылығы саласында жұмыс істедім. Мұндайды көрген емеспін. Тіпті 20 мм емес 15 мм жіңішке құбырлар салды. Жазда келеміз деп аңғал саңғал тапсырып кетті.
Топырақ үйінділері де сол күйінше жатыр. Өткен жазда төселген асфальттың да тоз-тозы шыққан. Қазір үй маңында жүрудің өзі қауіпті, - дейді тұрғындар. Жобалау сметалық құжатына шағын ғана елдімекеннің 52 үйі кірмей қалған. Ескі құбырды қазып алып тастағанда олар мүлдем сусыз қалыпты.Мердігер компания екі жыл кепілдік мерзімінде кемшілікті реттеймін дейді. Бірақ бұл олқылықтарға жоба авторы жауап беруі тиіс дегенді айтты.
Сергей Шафар, «Көкшетау строй» жобалау-құрылыс компаниясының директоры:
- Жобамен жұмыс 100 пайызға орындалды. Сметаға кірмей қалған 40 үйге де біз су тарттық. Бар пәле жобада. Иә, кемшілік орын алып отыр. Жобалау құжатын бекітетін тапсырыс берушімен қайта қарастыру керек.
Марат Жүнісов, Зеренді аудандық ТҮКШ басшысы:
- Бұл жоба өткен жылы жүзеге асқанымен, сметалық құжат 17-18 жылы жасалған. Орнымда болған басшының қателігіне мен жауап бере алмаймын. Ал мердігердің екі жыл кепілдік мерзімі бар. Осы уақытта барлық кемшілікті ретке келтіруін қадағалайтын боламын.
Ауыл көшесінде қазір бірде-бір суағар қалмаған. Суды үйлерге кіргізіп, есептегіш құралын қойып тіршілік нәрін үнемдемек болған әкім-қаралар жобаға кіргізуге ұмытып кеткен үйлердің суды қайдан алатынын ойламаса керек. Амалсыз тұрғындар судың да сұрауы бар екенін енді ұққандай, қыстан бері көршісіне жаутаңдаумен келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!