Ұлттық халық санағы: Қашан? Қалай? Ерекшелігі
Ұлттық халық санағына дайындық кезеңі басталды. Маңызды шараға 6 жарым мыңнан аса адам тартылған. Науқан екі кезеңнен тұрады.
Автор: Нұрлан Нұрланқызы
02.06.2021
Бастапқы, яғни дайындық кезеңінде тіркеушілер үй-үйді аралап, онда тұратын адамдардың нақты санын анықтайды. Олар санитарлық талапты қатаң сақтайтын болады. Тіркеушілердің арнайы куәлігі болады. Бұл жолы олар мәлімет толтыруға планшет қолданады. Шараның алғашқы кезеңі 30-маусымға дейін жалғасады. Ал негізгі санақтың өтетін мерзімі 1-қыркүйектен 30-қазанға дейін. Ерекшелігі – онлайн режимде қатысуға болады. Sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, мәліметтерді толтыру қажет.
Тіркеушілер үйлерді де аралайды. Азаматтарға жеке басына қатысты 67 сауал және нақтылаушы 20 сұрақ қойылады.
Елімізде халық санағы 2019 жылы өткізілуі керек еді. Алайда техникалық мәселелерге байланысты 2020 жылға шегерілген. Былтыр да пандемияға байланысты оны өткізу мүмкін болмады.
Айдар Әділдабеков, Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департамент басшысы:
- Осы деректер негізінде шешім қабылданады. Мысалы, әртүрлі жастағы адамдардың қанша және қайда тұратынын біле отырып, балабақша, мектептер, ауруханалар және де басқа да әлеуметтік нысандар салуды жоспарлай алады. Сонымен қатар санақ қорытындысы экономикалық дағдарыс, індет, адам өміріне қалай әсер ететінін бағалауға мүмкіндік береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!