«ҚазАвтоЖолдың тәбеті тағы ашу тудырды, халыққа онсыз да қиын»
Тариф енгізіледі, бірақ шешім әлі қабылданған жоқ. Бірнеше өңірде жүргізушілер ақылы жол тарифінің өсуіне жаппай қарсылық білдіргеннен кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бүгін жауап қатты.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.06.2021
Министр Атамқұловтың айтуынша, жүргізушілердің айтып жүрген тарифі тек жоспар ғана. Ал оны арнайы жол зерттеу институты есептеп шығарыпты. Дегенмен шілдеге дейін елімізде жалпы ұзындығы 5800 шақырым болатын жол бөліктеріне ақы енгізілетіні ақиқат.
Елімізде шамамен 25 шақырым республикалық деңгейдегі жол бар. Соны жақсы жағдайда ұстап отыруға жыл сайын 40-42 млрд теңге керек. Өйткені жыл сайын Қазақстан аумағы арқылы 100 мыңдай шетелдік жүк көлігі өтеді. Қытай мен Қырғызстан, Өзбекстаннан ағылатын жүк тасымалдары біздің жолдарды құртып жатыр. Ал жаңадан тариф бекітсек, бюджетке қыруар пайда дейді министр Атамқұлов. Бірақ ол әлі қабылданбаған.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Ол жоспар деп жарияланды, біздің ұлттық компаниямен. Бірақ министрлік ол шешімді әлі өз нормативті құқықтық актісімен, бұйрығымен әлі қабылдаған жоқ. Ашылатын жолдардың сапасын, мамыр айында соның бәрін қайтадан тексеру басталған. Оның бәрі әлі аяқталған жоқ. Біраз жерде қайта жөндеу жүргізу керек.
Ақылы жолдардың тарифіне қарсы жүк көлігінің жүргізушілері еліміздің әр өңірінде өре түрегелген еді. Ақтөбе облысында тіпті жолды жауып тастауға талпынғандарды полиция ұстап әкетті. Осындай наразылық кешеден бері елордада да жалғасып жатыр. Бәрінің талабы – жолға ақы төлеуге қарсы болмағанымен, тарифін түсірсін деп отыр.
- Айналып келіп «Қазавтожолдың» проблемасын айтады. Министрліктің проблемасын, бюджетте ақша жоқ, бірдеме... Халықтың жағдайын кім сұрайды? Бір жағын сәл жеңілдетіңдер. Таразы тура болсын!
Жалпы ақылы жолдар бізде 2013 жылдан бері бар. Алдымен Нұр-Сұлтан - Шучье, сосын Нұр-Сұлтан - Теміртау, Алматы - Қорғас, Алматы - Қапшағай бағыты қосылды. Былтыр солардан 5,7 млрд теңге табыс түскен. Енді тағы 5800 шақырымды құрайтын жол бөліктері ақылы болайын деп тұр.
Жіктеп айтқанда, Шымкенттен Өзбекстан шекарасына дейін, Оралдан Ресейге дейін, Ақтөбеден Ресейге дейін, Щучье - Петропавл, Шымкент -Қызылорда, Шымкент - Тараз сынды барлығы 17 жол бөлігіне біртіндеп енгізу көзделген. Алайда «Қазавтожолдың» бұл бастамасы бүгін Мәжілісте депутаттардың сынына қалды.
Азат Сембинов, Мәжіліс депутаты:
- «ҚазАвтоЖолдың» тәбеті тағы да наразылық тудырып отыр. Жолдарды ақылы ету нарықтық экономика талабы дейді. Бірақ нарықта бәсекелестікпен бірге таңдау болу керек емес пе?! Ал «ҚазАвтоЖол» «өмір немесе ақша» деген таңдау қояды. Мұндай әрекеттерден соң тасымалдау шығыны кейде тауарлардың өзіндік құнының 10-15%-ына дейін барады. Халық онсыз да қиын жағдайда тұрғанда, тарифті бес есе өсіру тауарлар мен азық-түлік бағасын автоматты түрде өсіреді.
Ақылы жолдар бірінші және екінші дәрежелі деп бөлінеді. Бұл айтылғанның барлығы бірінші дәрежелі жолдарға ғана қатысты. Министрдің айтуынша, екінші дәрежелі жолдардың тарифі одан шамамен 40 пайыз арзан болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!