Чемпион Дәулет Хайролланың туыстары сотқа талап қойды
Ақтөбеде кісі қолынан қаза тапқан каратеден Азия чемпионы Дәулет Хайролланың туыстары тергеуді қайта жүргізуді талап етіп отыр. Олар тек жалғыз адамға қатысты іс қозғалып, қалған кінәлілер жауаптан жалтарып кетті деп ашынды.
Автор: Жаңалық Ахаш
03.06.2021
Жадыра Айтжанова, марқұмның әпкесі:
- Үш бала Дәулетті ұрған. Сот сараптамасы бар. Егер де қасындағы адам «ат, ат» деп айтпаса, мүмкін ол бала атпас па еді деген, Дәулеттің қасында болған куәгерлердің айтқан сөзіне байланысты, біз ол адамды да іске тартуды талап етеміз. Жалғыз бір адамның қолынан өлмеді. Соған қатысты бәрінің жазасын беруді өтінеміз.
18 жастағы Дәулеттің өліміне қатысты бүгін сотқа әзірлене басталды. Қаралы отбасы тергеуге көңілі толмай, істі кері қайтару туралы талабын айтты. Өйткені сотталушы ретінде тек Дәулетті атқан жігіт қана танылған. Ал Дәулетті соққыға жығып атуға бұйрық берген қасындағы екі сыбайласы осы күнге дейін тек куәгер ретінде жауап беріп келіпті.
Осыдан бес ай бұрын каратеден Азия чемпионы үш жігітпен керісіп қалады. Қарсы тарап алдымен марқұмның досына оқ атып, санынан жанап өтеді. Бірақ тергеуде мұны мүлдем ескермеген. Ал екінші рет Дәулетті көздейді. Марқұм ауруханаға барар жолда көз жұмған. Сотталушыдан бөлек оның екі сыбайласы сол күні оны соққыға жыққанын тергеуде мойындаған. 18 жастағы Дәулет Қайролла каратеден еліміздің үш дүркін кубогын иеленген. Былтыр өзінің жеке спорт мектебін ашып бапкерлікке бет бұрыпты. Мектеп оқушыларын жаттықтырып келген. Қазақстан чемпионатына қатысуға дайындалып жүрген.
Әлішер Құлынтай, марқұмның бапкері:
- Ол мықты спортшы, каратеші еді. Қақ-соқпен ісі жоқ, сабырлы жан болатын. Тіпті жаттығу кезінде оның күйіп-пісіп, ашуланғанын өмірі көрмедік. Қандай жағдай болмасын бәрін сабырмен қабылдайтын. Ол сол кезде ел чемпионатына қатысуға дайындалып жүрген еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!