Туристік орындарға сигнал тартылмақ түгілі, ауылдарда интернет жоқ
Туристер Қазақстанда ұялы байланыспен әлі де біраз уақыт қиналатын сыңайлы. Өйткені тау мен жазық далаға интернеттің SOS сигналын тартуға қаржы жоқ. Цифрлық даму министрлігі үкіметке алақан жаюға да асықпайды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
03.06.2021
Бағдат Мусиннің пікірінше, туризмді дамытуға жауапты мәдениет министрлігі қажет қаражатты табуы тиіс.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Ұлттық парктер мен туристік соқпақтарға ұялы байланыс таратуға базалық станциялар керек. Базалық станция болуы үшін антенналы-мачта құрылғылар салу қажет. Оны орнату онша қиын емес, бірақ электр жеткізу қиын. Сондықтан біз осы жұмыс шығынын бағалап мәдениет министрлігіне жолдаймыз. Осыдан кейін мәдениет министрлігі қажет қаражат іздейді.
Қазақстандағы туристік орындарға ұялы байланыс жеткізу мәселесі Шарын шатқалындағы, Түркістандағы оқыс оқиғалардан кейін өзектілігі артты. 29-мамырда жүрген Шарындағы селдің куәгерлері байланыстың жоқтығынан құтқарушыларға хабарласа алмапты. Түркістан тауларындағы туристердің жоғалуына да қолжетімсіз интернеттің кесірі тигенін кеше мәжілісмендер айтты.
Елімізде туристік орындарға сигнал тартылмағаны былай тұрсын, 1200 ауыл интернет игілігін көре алмай отыр. Оған да қаражат жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!