Денис Тенді өлтіргендердің сыбайласы Жанар Толыбаева түрмеге қайта қамалды
Денис Тенді өлтірген қылмыскерлердің сыбайласы Жанар Толыбаева түрмеге қайта тоғытылды. Бұған дейін қанды қылмысты жасырды деген айыппен сотталған келіншек жазасының үштен бірін өтеуіне байланысты абақтыдан шыққан еді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
03.06.2021
Жазаның жеңілдетілуіне оның түзеу мекемесіндегі жақсы тәртібі себеп болған-ды. Алайда араға 1 жыл 3 ай салып Іле аудандық сотының бұл қаулысы жойылған.
Самат Қайратұлы, Алматы облысы соты баспасөз қызметінің басшысы:
- 2021 жылдың қаңтар айында жәбірленуші тарап сот қаулысымен келіспей, Алматы облысы сотына апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіріп, аталған сот қаулысын бұзуды сұраған. Алматы облысы қылмыс істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 19 наурыз қаулысымен Іле ауданы сотының 2020 жылы 6-қаңтардағы қаулысы бұзылып, жәбірленушінің жеке шағымы қанағаттандырылған.
Себебі: сотталушының жазасын жеңілдету туралы шешімді шығару кезінде мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің анасының пікірі ескерілмеген. Толыбаеваның тәртібі түзелгені туралы мәлімет те жеткіліксіз болған. Келіншек темір тордың ар жағына екі жасар баласымен бірге оралды. Жазасын Алматы облысы Жауғашты ауылындағы түрмеде өтейді.
Жанар Толыбаева қанды қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып төрт жылға бас бостандығынан айырылған еді. Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов 18 жылға сотталды. Олар Денис Тенді 2018 жылдың 19-шілдесінде өлтірген. Спортшы көлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болғанда санынан пышақталған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!