Ақ жайықтағы аядай жайылым талан-таражға салынған
Мал көп, бағатын жер жоқ. Атырау облысындағы Ақ жайық ауылының тұрғындары жайылым тапшы деп шу шығарды. Жиналған жұрттың айтуынша әкім аядай жерді талан-таражға салып, кәсіпкерлерге үлестіріп жіберген екен.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
04.06.2021
Тұрмысы төрт-түлікке байланып, жайылым таппай жүргендердің базынасын тілшіміз тыңдап келді.
- Талап – жерді халыққа қайтарып берсін!
Махамбет ауданындағы Ақ Жайық жұртшылығы жайылым мен суармалы жерсіз қалдық деп қапалы. Тіпті екі сиырдың сүтін ішер күнге зар болдық дейді. Өйткені жердің бәрін ауыл әкімі кәсіпкерлерге таратып берген. Ал егін егеміз дегендер айналаны түгел коршап, қалың шөп өсіп тұрған аймақты жайратып тастаған. Тіпті су ішетін жалғыз каналға төрт-төлікті жолатпай отыр екен.
Бердібек Ибатулин, Ақ Жайық ауылының тұрғыны:
- Мына қоршалған жер, каналдың етегі, судың айналасы. Мал тек суы бар жерге барады. Басқа жерге айдап барсаңыз да, қорып тұрмайды, кетіп қалады. Малдың анда бару себебі, каналдағы суға барады. Басқа жерде су жоқ.
Қазір ауыл аумағында 14 шаруа қожалығы бар. Бірқатары жекеменшікке сатылып кеткен. Ал жалға берілген жерлердің жайынан ауыл тұрғындары бейхабар.
Мәлік Тәжіғалиев, Ақ Жайық ауылының тұрғыны:
- Село округінің әкімі Сайлау Жұмағалиев халықпен еш келіспеген. Оның комиссия құрамын ешкім білмейді. Мен көп жылдан бері істеймін және ардагерлер ұйымының төрағасымын. Соның ішінде жүрген мен білмеймін. Кім біледі? Ешқандай халықтың келісімінсіз, өз билігімен берген.
Тұрғындардың айтуынша таңда өріске кеткен малдың көбісі үйге оралмай қалады екен. Жан азығы болғандардың жартысы ен даладағы қоршаудың сымына ілініп, енді бірі шөлден қаталап өлуде.
Жерді игереміз деген шаруалар жайылымның тоз-тозын шығарып жатыр дейді тұрғындар. Қоршаудың іргесін ешкім кірмесін деп қазып тастаған. Тереңдігі екі метр шұңқырға апта сайын алты мал түсіп мерт болады екен.
Әкімдік бірнеше жылға жалға берілген жерлерді енді қайтарып алу мүмкін емес дейді. Тұрғындардың сөзіне құлақ аспаған ауыл басшысы тек аудан әкімінің бұйрығын бұлжытпай орындаушымын деп ақталды.
Сайлау Жұмағалиев, Ақ Жайық ауылдық округінің әкімі:
- Аудан әкімінің маған айтқаны жер берілу керек. Жер салығын төлеу керек. Бос жатқан жердің бәрін беру керек деді. Сондықтан бес шақырым жерден жерді беріп, сол бойынша қазір жігіттермен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз.
Алақандай Ақ Жайық ауылының тұрғындары жайылым жерлерді қоршауды тоқтатсын деп бірауыздан талап қойды. Ауыл әкімінен қолдау таппаған жұрт облыс басшыларына шағымданамыз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!