Жамбыл облысында зауыт басшысы мен жұмысшылар арасында дау туды
Істеген жұмысының ақысын алу мұң болды. Жамбыл облысында шағал тас өндіретін зауыт басшысы мен қызметкерлері қырықпышақ болып жатыр. Себеп: жұмысшыларға жалақы дер уағында берілмеген. Құрылысшылардың айтуынша, кәсіпкер жұмысын істетіп, көк тиын төлемеген.
Автор: Руслан Әбдіхалық
04.06.2021
Бұл әркетін «басталған істі аяғына жеткізбедіңдер» деп түсіндірген. Ал наразы топ оның уәжі орынсыз дейді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін тілшіміз анықтап көрді.
Күннің аптап ыстығы бұларға түк емес. Күнде зауытқа келіп жалақысын даулайды. Наразы топтың сөзінше, кәсіпорынның құрылысын жүргізген 100-ден аса адамға бірнеше айдан бері еңбекақы берілмеген. Бүгін фирманың алдына бар болғаны 15 адам жиналды. Оларға кәсіпкер 1 жарым миллион қарыз екен.
Әлім Маратов, жұмысшы:
- Ешқандай жасалмаған. Айт, демалыс күндері де жұмыс істедік. Демалыс жоқ. Зауытты бітіріңіздер, өздерің жұмыс істейсіңдер деген. Мақұл дедік. Енді аяғы мынау болды. Айлық жоқ.
Шағал тас өндіретін зауттың құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған. Жұмысшыларға алғашқы айларда жалақы толық беріліп, сәуір мен мамыр айының ақшасы төленбеген. Оның себебін сұраса, кәсіпорын басшысы сан сылтауды айтып, өздерін айыптайды.
Қуаныш Бұралқиев, жұмысшы:
- Бізге айтып жатқаны, заттар ұрланып жатыр. Бізге қағазбен ештеме өткізілмеген. Көрмеген темірлерді мойнымызға іліп, ақша бермеудің амалын жасап жатыр.
Ал фирма директоры 100-ден аса адам айлық алмады деген бекер дейді. Оның сөзінше, тек 15 жұмысшымен келіспеушілік туған. Оған өздері кінәлі екен. Яғни олар қиыршық тас уататын қондырғыны дұрыс орнатпаған. Ал келісім бойынша тек жұмыс біткенде ғана ақша төленеді. Бұлар шаруаны аяқтамай тайып тұрыпты. Сондықтан көк тиын берілмейді деп кесіп айтты.
Майра Молдабаева, фирма директоры:
- Осы күнге дейін істеген тірліктері оңбай жатыр. Біресе дәнекерлеу, біресе лента түсіп қалады. Роликтер мүлдем орнында тұрмайды. Келісімшарт бойынша олар өз жұмысын толық аяқтаған жоқ.
Кәсіпорын басшысы ойын түсінікті жеткізді. Ол тас уатқыш қондырғы іске қосылғанда ғана жалақы төлеймін дейді. Ал жұмысшылар зауыт директоры еңбекақыны бермеу үшін әдейі қондырғыны өшірді деген сенімде. Қос тараптың тартысы ұзаққа созылатын түрі бар. Бірақ жалақысын даулаған жандар қол қусырып отырмайды. Олар прокуратура мен еңбек инспекциясына шағым түсіргелі жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!