Қатты нөсерден Оралды су басып, мыңдаған абонент жарықсыз қалды
Қатты нөсерден зардап шеккен Орал қаласы бүгін ептеп есін жинай бастады. Санаулы сағатта қалаға жарты айлық мөлшердегі жауын бір-ақ түскен. Шелектеп жауған жаңбыр арығы жоқ көшеледен үйлерді басқан. Мыңдаған абонент жарықсыз қалды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.06.2021
Электр қуатын таратушы компания алдымен әлеуметтік нысандарды жарықтандырып, сосын барып жергілікті тұрғындарға көмек береді.
Талап Дүйсеновтың үйіне жақындау мүмкін емес. Құтқарушылар ала таңнан бері оның үйіне кірген суды арнайы техникамен сорып шығарып жатыр. Үй иесінің айтуынша, жауын суы жан-жақтан осы үйге қарай ағылған. Бір сәтте бала-шағасын сыртқа шығаруға қамданыпты.
Талап Дүйсенов,Орал қаласының тұрғыны:
- Жаңбырдан үйдің бәрі батты, шарбақтың бәрі балшық.Балалар түнімен көз ілмеді. Әкімдік көмектеспесе, білмейміз, үй құлайды. Үй салып бермей ақ қойсын. Мына жерге дұрыс арық қазып, көшемізді тазалап берсе дейміз.
Көптеген оралдықтардың жертөлесі мен құдығы суға толған. Осындай нөсерді тұрғындар көп жылдан бері көрмедік дейді. Ұялы телефонға түсіріп үлгергендер табиғаттың шалт мінезіне таң-тамаша. Әп-сәтте, кешқұрым жерді жара күн күркіреп, найзағай ойнап, қатты жауыннан бір жарым айдың жаңбыры жауған. Қала суға батып бара жатқандай көрінген. Облыс әкімдігіне қарама-қарсы бас даңғылда өзен ағып жатқан. Коммуналдық қызметтегілер мен құтқарушыларға түнімен жұмыс істеуге тура келді.
Бақытжан Ихсанов, Батыс Қазақстан облысы ТЖД басқарма бастығы:
- Жеті жер үй, 40-тан аса үй ауласы, жеті әлеуметтік нысанның жертөлесін су басқан. Дәл қазір қалада жағдай тұрақталды. Тұрғындардың шақыртуымен коммуналдық қызметтегілермен бірге жұмыс істеп атырмыз.
Тұрғындар жергілікті басшылар қаладағы жолдарға назар аударса дейді. Көп жерде су ағысы ескерілмеген. Жауын-шашында жолдың ыңғайымен су сыртқа емес, үйлерге қарай ағылады. Апаттан тіпті ағаштар да түп-тамырымен құлаған.
Ринат Нұрғалиев, «Жайық таза қала» ЖШС директоры:
- Кеше қаладан түнде 532 метр текше метр су шығардық, бес көшеде жол үстіне теректер құлады. Екінші ауысымдағы мобильді бригада жұмыс істеді.
Электр қуатын таратушы компанияны да орасан жұмыс күтіп тұр. Тоғыз мыңнан аса абонент жарықсыз қалған. Арасында әлеуметтік нысандар да бар. Қазір 10 бригада жұмыс істеп жатыр. Қала әкімшілігі табиғи апаттан кейінгі жағдай реттелген соң комиссия құрады. Тұрғындардың шағымы бойынша шығын анықталса, өтемақы төлеу қарастырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!