{metadescription}
Қазына қаржысын жоспарлау мен жұмсау ашық болуға тиіс
Қазына қаржысын жоспарлау мен жұмсау ашық болуға тиіс

Қазына қаржысын жоспарлау мен жұмсау ашық болуға тиіс

Қазақстандық жануарларды қорғаушылар ресми орындардан ақпарат ала алмай жүр. Павлодарлық шенеуніктер коммерциялық құпия деп, қаңғыбас ит-мысықты аулауға бөлінген ақша мөлшерін айтудан бас тартқан. Бұл – ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға қайшы дейді заңгерлер.

Бұл мәселені енді қоғамдық бақылау туралы жаңа заң шешеді деген үміт бар. Өйткені қазір мемлекеттік органдардың қажет ақпаратты қалай жариялайтынын бақылау сол меморгандарға тиесілі. "Қарға қарғаның көзін шұқымасы" тағы белгілі.

Павлодардағы жануарларды қорғаушылар екі жылдан бері қаңғыбас ит пен мысықты аулауға шенеуніктердің қанша қаржы жұмсайтынын біле алмай жүр. Мұндай іске бюджетте қаржы қарастырылғанымен, әкімдік жазылған хатқа тұщымды жауап жазбаған. Жануарларды күтіп-бағатын орталықтың иесі атудың пайдасы шамалы дейді. Одан Павлодарда көше кезетін ит-мысықтың саны көбеймесе, кемімейді. Керісінше, бүгінде орталықтарға ауру, жарақат алған жануарлар көптеп түсуде. Қоғам белсенділері аулауға бөлінген миллиондарды ақылға қонымды етіп жұмсауға болатынына сенімді.

Мария Гребенкина, «Павлодар жүрегі» қоғамдық қорының директоры:

- Бізге берілген жауапта коммерциялық құпия деп жазылған. Қыстыгүні тағы хат жаздық, тағы «коммерциялық құпия» деген жауап алдық. Бюджет сомасын білудегі мақсат – жыл сайын ит-мысық аулауға қанша бөлінетінін салыстырмалы түрде қарау. Қаражат өсіп жатыр ма? Өсірілсе, қайда жұмсалып жатыр? Жануарларды аулаудың қандай тиімділігі бар? Осыны саралауымыз керек. Олардың атқан жануарларының санын қарасақ, еш пайдасын тигізіп жатқан жоқ. Қаңғыбас ит пен мысықтың да саны азаймады. Атып жатырмыз, бірақ жануарлардың саны сол күйінше.

Заңгерлер мұнда коммерциялық құпия болуы мүмкін емес, ақпаратқа қол жеткізу туралы заң бұзылды деп санайды. Тіпті «сыр сақтағыш» шенеуніктерден айыппұл талап етуге әбден болады. Ол үшін жануарларды қорғаушылар сот пен прокуратураға жүгінуі керек. Заң бойынша қазына қаржысын жоспарлау мен жұмсау туралы ақпарат халыққа ашық болуы тиіс.

Нұркен Тұрғанбай, сарапшы-заңгер:

- Жалпы, бюджет қалыптасуы, бюджеттен қанша қаражат бөлініп жатқаны туралы ақпарат құпияға кірмейді. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның 6-бабына сәйкес, бюджет қаражатының қалыптастырылуы мен олардың жұмсалуы туралы ақпарат қол жеткізуді шектеуге жатпайды. Ондай ақпараттан мемлекеттік қызметкер негізсіз бас тартқан жағдайда, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 456-бабы, 1-тармағымен әкімшілік жауап қаралған. 

Өздерінің заңсыз әрекетін сезіді ме, Павлодар әкімдігі құпия қылған толассыз хаттар мен өтініштердің сырын жарты жыл өткенде ғана ашты. Елімізде ақпаратқа қол жеткізу жағдайы жөнінде есепті жауапты органдар президентке көрсетпекші. Ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзінше, қажет мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органда бүтін бір департамент құрылған.

Шындап келгенде қандай да бір ақпаратты алу өте қиын. Қазақстандықтар нормативтік-құқықтық актілерді ашық талқылайтын порталдың бар екенін де білмейді. Дегенмен министрліктің барлық жұмысты игеретініне сенімі мол.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Ақпарат иеленушілер тізімі кеңейтілді. Тізімде барлық орталық және жергілікті арқарушы орган кіргізілді.Нормативтік-құқықтық актілердің жобасын және бюджет бағдарламаларының жобасын жария талқылаудың басталғаны туралы ақпарат хабарламаларды интернет-ресурста орналастыруда меморгандарға қойылатын талап енгізілді.

Кез келген азамат заңға сәйкес, талап-арызының жауабын 15 күнде алуы тиіс. Егер бұл мерзім шенеуніктерге аз болса, олар арызданушы тарапты ескертсе ғана, тағы 15 күнге ұзартуға құқы бар. Ал берілген сұрау хат шенеуніктердің құзырында болмаса, үш күн ішінде тиісті мекемеге құжат қайта жіберілуі керек.

Сарапшылар тағы бір проблеманы айтты. Хатқа жауап келеді, алайда онда не жазылғанын, ақпараттың қаншалықты рас екенін түсіну қиын. Меморгандардың ашықтығын, неге екені белгісіз, сол мемлекеттік органдардың өзі қадағалайды. «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң жақында дайын болады. Ол ақпаратқа қол жеткізуден кеткен кемшіліктердің орнын толтырады. Құжатта үшінші тарап – қоғамның рөлі зор. Жаңа заң осы айда мәжілісмендердің талқысына түседі.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде