«Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 25-ке жуық жаңа би ұсынды
Алматыда әйгілі «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі көрермендерімен қайта қауышты. Карантиннің кесірінен ұзақ уақыт үзілісте болған ұжым өнерсүйер қауымды екі сағат бойы ерекше биімен тербеп, жаңа бағдарламасын ұсынды. Халқымен сағынысып қауышқан олар салтанатты кешті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнады.
Автор: Салтанат Шырынхан
08.06.2021
Жыл сайын жарқын кеш өткізетін «Салтанат» би ансамблі биыл көрермендерімен кештеу кездесті. Шектеу шараларынан сахнадан уақытша шеттетілгендер бүгін ерекше бақытты. Көрерменін ұзақ күткен олар еліміздегі бір шаңырақтың астына ұйысқан ұлт пен ұлыстың ұлттық биін дәріптеді. Қазақ болмысын да бимін ерекше баяндады.
Гүлсәуле Орынбаева, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің көркем жетекшісі:
- Үлкен концерттік бағдарламада әлем халықтары мен қазақтың ұлттық билерін ұсындық. Биылғы ерекшелігі: жаңа нөмірлер. Ол: жайлаудағы той, көкпар тарту, қыз қуу. Топтық билерден бөлек, өнерпаздардың жеке орындауындағы би.
Мың бұралған өнерпаздар көрерменге 25-ке жуық ұлттық бейнені ашатын биді тарту етті. Қазіргі уақытта талап етіліп жатқан сақтық шарасын да сақтаған. Артистердің көбісі қауіпті дертке қарсы екпені салдырған. Екі екі сағат бойы өнерін паш еткендер дайындыққа карантиннің кесірі көп тигенін жасырмады.
Аида Ажмағанбетова, «Салтанат» ансамблінің солисті:
- Карантин уақытында үйде дайындық жасадық. Қалпымыздан шығып қалмас үшін үйде дайындалып онлайн форматта түрлі жаттығу өткіздік. Кейде ансамблдегі билерден челленж жасап, үйден түсіріп, көрерменге көрсеттік. Сағындық. Қатты сағындық. Бұл бір жарым жылдағы алғашқы концертіміз.
Әлемнің түкпір-түкпірінде би насихаттап жүрген топтың репертуарында 150-ге жуық ұлттың биі бар. 1955 жылы құрылған өнер ұжымы қалыпты өмірге қайта оралып, халық алдында жиі шығатын күндерін асыға күтуде. Өйткені олар елімізде ғана емес, шетелде де кеңінен танымал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!