Елімізде көкөніс неге қымбаттады, себебі ...
Елімізде көкөніс қымбаттады. Әсіресе картоп пен сәбіз бағасы айналдырған бір аптаның ішінде екі есеге өскен. Атырау мен Ақтөбеде картоптың бір келісі 400 теңгеден сатылып жатыр. Шығыс өңірлерде де қымбатшылық қысып тұр. Семейде сәбіздің құны келісіне 500 теңгеден асыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.06.2021
Мұны сатушылар қордағы көкөністің азюымен байланыстырады. Оған қоса оңтүстіктегі өндірушілер бағаны көтеріп жіберген.
Ақтөбе базарларындағы ең арзан картоп 400 теңгеден басталады. Осыдан бір апта бұрын келісі 250-270 теңге тұратын. Сәбіз бен қырыққабат, жуа құны да шарықтап кетті. Қымбатшылыққа күйінген тұрғындар бағаны тұрақтандыра алмай отырған билікке өкпелі.
Орынша Бақтыбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бәрі де қымбат, айтар сөзім жоқ. Бұрынғы бағалардың маңына жуыспайды. Амалсыздан аламыз. Бірақ бағасын қатты көтеріп жіберген.
Атырауда да бір келі картопты 400 теңгеге, сәбізді 500 теңгеге сатып аласың. Осы күнге дейін көкөніс өнімдерінің басым көпшілігі Ираннан жеткізілетін. Қазір мұнайлы астана жұртшылығын Өзбекстан мен Әзірбайжаннан жеткен жеміс-жидек жарылқап отыр. Саудагерлердің айтуынша жол қатынасы күрт қиындаған. Тек пияз бен қырыққабатты Шымкенттен тасып жатыр. Ал қорда картоп жоқ.
Алдау Демешова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Өзіміздің Қазақстанның бір өнімі жоқ. Бәрі шетелден келіп жатыр. Басқа елден, көрші елдерден. Мысырдан картоп бар еді, арзан, ол да бітіп қалды. 170 теңгеден алып келіп едік. Мысалы, кешеден бері картоп ала алмай отырмыз. Келген картопты қылдай бөліп беріп жатыр.
Семейде де көкөніс құны күн санап қымбаттап барады. Соңғы бір аптада қызанақ бағасы келісіне екі есеге өскен. Ал картоп, сәбіз, қызылша 20-30 теңгеге қымбаттапты. Сатушылар оны оңтүстіктегі өндірушілерден көреді. Себебі, сол жақтағылар көтерме бағаны өсірген.
Гүлмира Темірболатқызы, Семей қаласының тұрғыны:
- Бәрі қымбаттап кетті. Қызылшаның өзі көтерме бағасы 400 теңге, сәбіз 350, картоп 300 теңге, қияр, қызанақты айтпағанның өзінде. Күннен-күнге қымбаттап жатыр.
Қазір еліміздің бар өңірі оңтүстіктен жеткізетін көкөніске қарап отыр. Шенеуніктер сол жақтағы әріптестерінен бағаны көтермеуді өітініп жатқан көрінеді. Тауарды жеткізуге кететін шығынды билік өз мойнына алуға да әзір. Мысалы, Ақтөбеге картоп пен сәбіз жеткізуге екі көлік жіберген.
Асқар Көкеев, Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
- Оңтүстік аймақ қымбат бағамен беріп отыр. Қазір өндіруші аймақтармен сөйлесіп, оңтүстік аймақ жеткізуді қамтамасыз етеді. СПК Ақтөбе арқылы екі көлік тікелей барып әкеледі. Сонымен бағаны азайтамыз.
Көкөніс құнының қымбаттауына өткен аптадағы жүк көлігі жүргізушілерінің наразылығы да себеп болғанын айтады. Өйткені біраз күнге қатынас тоқтаған. Онымен қоса қорда сақтаулы былтырғы өнім де таусылуға шақ қалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!