«Асыл арман» жұрты қалдық судың исіне тұншығып отыр
«Таза ауамен тыныстаудан қалдық». Алматы іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің жұрты қалдық судың сасық исіне тұншықтық деп отыр. Қолқаны қабатын иістен аллергия, астмаға шалдыққан.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
09.06.2021
Әкімдіктегілер бұқараның бас ауруына айналған мәселе жаңа кәріз жүйесі іске қосылғанда толық шешіледі деп сендірді. «Тынысымыз тарылды» деген тұрғындардың талап-арызын тілшіміз тыңдап қайтты.
«Асыл арман» тұрғын үй кешеніне жұрт жеті жыл бұрын қоныстана бастаған. Сол уақыттан бері бұқара жағымсыз иістен арыла алмай келеді. Төңіректен келетін қалдық судың қолаңса иісі жел тұрса одан сайын үдеп, тұрғындар терезесін ашудан қалған.
Әбдімән Бақтыгериев:
- Иіс Абай ауылынан келеді. Кешке таман есік-терезені аша алмайсың. Күн де ыстық. Кезінде комбинаттан иіс шығармайтын болған. Ал қазір дамыған кезімізде қайдағы бір иістен құтыла алмай отырмыз.
Ұлардай шулаған халық сасық иіс көрші Абай ауылының кәріз жүйесінен ауаға жайылатынына сенімді. Оған сол маңдағы қағаз өңдейтін зауыттың қалдығы төгілетін орыннан шығатын иіс те қосылады екен. Соның салдарынан жұрт аллергия, астмаға шалдығып жатыр.
Гүлнәр Жүнісбекова:
- Мұнда 25 мың адам тұрады. Бәріміз уланып жатырмыз.Бәрінде аллергия, жэөтел, беті бөртіп, бала-шаға қиналып жүр. Эпидемиологиялық мекемелер жоқ сияқты. Неге жұмыс істемейді. Неге жаппайды?
Тұрғын үй кешенінің тазалығына жауапты мекеме жұртпен бірлесіп қағаз өңдейтін ірі кәсіпорынды сотқа беріпті. Алайда өндіріс ошағы айыппұлмен сытылып, химиялық қоспасы бар қалдығын төгуді тоқтатпаған көрінеді. Оны төбеден түсірілген видеодан байқауға болады. Ал атқамінерлер жақында ғана салынып біткен жаңа кәріз жүйесі жұртты жағымсыз иістен құтқарады деп сендірді.
Абылай Ысқақов, Іргелі ауылдық округінің әкімі:
- Абай ауылынан Көлді ауылына дейін кәріз құбарларды жаңарту және орнатумен жұмыс істелді. Қазәір толық аяқталып, Әділет басқармасында тіркелуде. Одан кейін аудандық тұрғын үй басқармасы бір мекемеге тендерге берген соң, жұмыс толық аяқталады.
Бірақ шенеуніктер кәріз құбырының нақты қашан іске қосылатынын кібіртіктеп айта алмады. Ал шуға себеп болған өндіріс ошағының өкілдері сұхбат беруге құлықсыз. «Тынысымыз тарылды» деген тұрғындар түйткілдің түйіні күзге дейін шешілмесе, базынасын экология министріне жеткізбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!