Учаскелік инспекторды пышақтап кеткен – Жамбыл облысы
Жамбыл облысында учаскелік инспекторды пышақтап кеткен күдікті ұсталды. Жараланған тәртіп сақшысының әріптестері Шу ауданының тұрғынын аз уақыт ішінде қолға түсірді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
09.06.2021
Оқиға кеше түнде болған. 37 жастағы әйел «азаматтық некедегі күйеуім жанжал шығарып жатыр» деп полицей шақыртқан. Қоңырау түскен бойда сол жерге учаскелік инспектор шұғыл жетеді. Тәртіп сақшысын көрген 27 жастағы жергілікті тұрғын оған пышақ ала жүгіріп, полицейдің қарны мен иығына бірнеше мәрте сұғып алған. Қансыраған инспекторды тастап қашып кетеді. Дереу іздеу операциясы жарияланып, ол көп ұзамай Алға ауылында қолға түсті. Оның қылмыс жасағанда мас болғаны айтылуда. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ал отбасындағы дауға араласамын деп пышақталған учаскелік инспектор жансақтау бөлімінде жатыр. Әріптестері оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!