Елорда неге әлі «қызыл» аймақта тұр?
Елорданың «қызыл» аймақта жалғыз қалуын мамандар науқастардың жауапсыздығынан көріп отыр. Өйткені вирус жұқтырғанын біле тұра, карантин талабын сақтамайтындар көп. Бірнеше деректі Ashyq қосымшасы әшкерелеген.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
09.06.2021
Дегенмен астанадағы жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді екен.
Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:
- Мамыр айының басымен салыстырғанда 100 мың адамға шаққанда апталық сырқаттану деңгейі 210 науқастан 110 адамға дейін төмендеді. Бір аптаның ішінде 1 315 жағдай тіркелді. Сырқаттану деңгейі алдынғы аптадан 18 пайызға төмен. Алдынғы аптада 1 617 жағдай тіркелген болатын.
Бүгінде коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болған 4 мыңнан астам адам медициналық бақылауға алынған. Бірақ көпшілігі карантин талабын сақтамайды. Мысалы, Ashyq қосымшасы енгізілгеннен бері Нұр-Сұлтанда «қызыл» және «сары» түс мәртебесіндегі 3 мыңнан астам адам карантин талабын бұзған. Олар әкімшілік жауапқа тартылды. Егу науқаны әлі де жалғасып жатыр. Бірақ сәуір мен мамырға қарағанда вакцина қабылдап жатқандардың қатары сиреген. Мәселен, сәуір айына қарағанда мамырда егілгендердің саны 46 пайызға кем. Бүгінде ел астанасындағы тұрғындардың 10 пайызға жуығы немесе 100 мыңнан астамы екінші компонентті қабылдаса, 14 пайызы немесе 170 мыңға жуығы бірінші компонентпен егілген. Сауда орталықтарындағы егу пунктерінде вакцина қабылдаушылардың санын арттыру үшін мамандар түрлі акциямен амалдап жатыр.
Ерлан Бекмұрзаев, Нұр-Сұлтан қаласы ннвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы:
- Қаламыздың тоғыз ірі сауда орталықтарында вакциналау пунктілері ашылды. Барлық талапты сақтай отырып ашылған. Азаматтарды вакциналауға Sputnik V, QazVac, Hayat вакциналары ұсынылған. Азаматтарды вакциналауға ынталандыру үшін сауда орындарында жеңілдік бағдарламалары және кәсіпкерлерден сыйлықтар ойнатылады. Вакцина қабылдағандар онлайн ұтыс ойындарына қатыса алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!