Медициналық қызметке халықтың көңілі толмайды
Денсаулық сақтау министрі кезекті рет сынның астында қалды. Алексей Цойға шүйліккен депутаттардың сөзінше, Қазақстандағы медициналық қызметке халықтың көңілі толмайды. Былтыр бөлінген бір жарым триллионнан астам теңгеге де сай емес. Елдің бас дәрігерінің түсініксіз мәліметтері мәжілісмендердің ызасын тудырды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
09.06.2021
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Көңілдің толмауына келер болсақ, бұл тәуелсіз сараптама ұйымдарының объективті бағасы. Жалпы денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану деңгейі дамыған елдерде, тіпті Еуропада да 65-70 пайыздан аспайды.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
- Алексей Владимирович, Еуропаны қайтесіз? Өзіңізге тиесілі мәселелермен айналысыңыз. Құрметті министр мырза, үңгіріңізден шығатын кез келді. Халықпен байланыс орнатыңыз. Санитарлық дәрігердің қаулысымен жұртпен байланысуды доғарыңыз. Емханаға, ауруханаға барыңыз, әсіресе аудандарды көріңіз. Кезек күткен адамдармен араласыңыз. Сонда ғана медициналық көмектің сапасы туралы көбірек білесіз.
Бюджет қаражатын қалай, қайда жұмсағанын есеп комитеті қазір тексере алмайды. Себебі: денсаулық сақтау министрлігінің қаржы құжаттары қылмыстық істерге байланысты тергеу органдарында жатыр. Депутаттарға Алексей Цойдың қарапайым халықпен ғана емес, журналистермен де қарым-қатынасы ұнамайды.
Нығматулин министрді күш жинап, жұмысқа кірісуге шақырды. Әйтпесе, шенеунік жолындағы сәтсіздіктерді коронавирус пандемиясымен байланыстыруды әдетке айналдырыпты.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
- Қазір денсаулық сақтау министрлігіне оңай емес екенін түсінеміз. Бірақ жиналуыңыз керек. Орталық коммуникация қызметінде қағаз немесе суфлермен оқып қана қоймай, журналистер қойған сұрақтардың жартысына да жауап бермейсіз. Барып адамдармен сөйлесіңіз, кім үшін жұмыс істеп жүрсіз? Олар бізді сайлайтын адамдар, ал парламент сізді тағайындады. Сол сайлаушылармен кездесу керек, олардың медициналық қызмет сапасын қалай бағалайтынын білуіңіз керек. Ел басшылығы, парламент сізді қолдады. Сізге қаражат бөлінді. Жұмыс істейтін уақыт келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!