Құрылыс материалдары неге қымбаттап жатыр?
Құрылыс материалдарының бағасы да күн санап көтеріліп жатыр. Тіпті бір емес, екі-үш есеге бір-ақ артқан. Сатушылар да, сатып алушылар да мұның себебінен бейхабар. Өз елімізде шығарылатын цемент, ағаш, одан қалды құмның бағасы неге шарықтағанын жұртқа түсіндіріп жатқан ешкім жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.06.2021
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауабы жаттанды.
Әдетте адам аяғы үзілмейтін Алматының құрылыс базары қазір мүлгіп тұр. Қымбатшылықтың кесірінен клиенттен қағылғанның бірі – Айдос. Соңғы үш айдан бері тауар алатын дистрибьютерлер қазаншының еркіне салып, құнды көтеріп жатқанына қынжылады.
Айдос Нұрмұхаметов, саудагер:
- Бағаны қадағалап отыратын министерлік болу керек. Шенділер бар. Не қарап отыр? Бағаға қарауы керек. Тұрақты баға енгізуі керек. Ешқандай қадағалау жоқ. Сондықтан осындай болып отыр.
Бір қап цемент соңғы күнде 800 теңгеге өссе, бір қап құм 150 ден 350 теңгеге бір-ақ секірген. Құрылыста сұранысты пеноплекс бұрын 5000 болса, қазір 8500 теңге. Қыспаққа алған қымбатшылықтан көпшілік қайтерін білмей басы қатқан.
Маңғыстау облысында бұрын тоннасы әрі кетсе 2 мыңға бағаланған қиыршық тас қазір 3500 теңге. Ал тек осы жақтан шығатын ұлутас кірпішінің бір текшеметрі 11 мың теңгеге көтерілген. Осыған дейін 6 мың тұратын. Екеуі де Маңғыстау облысында өндірілетінін ескерсек, бағаның шарықтауы – тосын пікір. Карьерден бір машина құм 7 мың теңгеге жеткізіліп келсе, енді 13 мың теңгеден. Алыпсатарлардың үстіне тағы қосатыны бар. Ал олардың айтатын сылтауы – жанармай құны өскен.
Алтынбек Кенжебеков, саудагер:
- Бір жүк көлігінің үстінен көретін пайдамыз 1000-2000 теңге. Әр кезде әрқалай. Мына жердегі «ЗИЛ», КамАЗ» бар. Олар жеткізіп бергенін өзі қояды. Ол қазір бұрынғы баға. 3 мың теңгег автодромға барады. Маңғышлақ, Мұнайлыға 3 мың теңге. Қалаға болса 4000-5000 алады.
Тақтайдың да бағасында тұрақ жоқ. Атырауда Ресейден әкелінетін ағаштардың бағасы бір айда аспандап кеткен. Мәселен, екі апта бұрын текше метрі 70 мыңға бағаланған тақтай қазір 120 мың теңгеге сатылады. Ал өлшеміне қарай кесілген алты метрлік ағаштарға сатушылар ойына келген бағаны қойып жатыр.
Жұмабай Қарымсақов , Атырау қаласының тұрғыны:
- Бізде түк жоқ қой, бәрі Ресейден келеді. Тамақ та, бүкіл құрылыс материалы. Жоғарыда анау қымбат, мынау қымбат болып кетті деп жатыр, тексеру керек дейді. Ешкім тексермейді. Әркім өз орынымен сатады, әртүрлі баға сұрайды. Бір баға жоқ.
Темір, арматура дегендердің бағасын тіпті есте сақтап үлгере алмайсың. Өйткені күн сайын баға қосылып, қазір арматураның тоннасы кемі 400 мыңнан сатылуда. Барлық жердегі жағдай осы. Бағаны бақылайтындар бұқара базынасына жауап беруге әзір асығар емес.
Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтейді. Олар жауаптан қашып, министрлік құзырындағы мәселе дейді. Не де болса, биліктегілер бұл қымбатшылықты реттеуге де, жұртқа жауап беруге де асығатын түрі жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!