Веложолақ салуға миллиард теңге жұмсамақшы – Ақтөбе
Ақтөбелік шенеуніктер веложолақ салуға қазынадан бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсамақшы. Жалпы ұзындығы 52 шақырымды құрайтын велосипед жолын төсеуге тендер жариялаған. Бірақ жергілікті тұрғындар бұл жобаға түбегейлі қарсы. Веложолдан бұрын, қалада көлік жүретін тас жолды тегістеп алсын дейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
10.06.2021
Ақтөбелік шенеуніктер 52 шақырымдық велосипед жолағын салатын компания іздеп жатыр. Оған 1 миллиард 215 миллион теңгеге тендер жариялап қойған. Ал жергілікті тұрғындар биліктегілердің бұл қылығына күйініп отыр. Өйткені қалада велосипед емес, көлік жүретін жолдардың сапасы сын көтермейді.
- Әуелі осы жолды қатырып алсын. Тротуарды қатырып алсын. Сосын оны ойластыруға болады. Алдағы бір уақытта. Әзірге қажеті жоқ деп ойлаймын. Бостан босқа ақша шығын қылып.
- Машина жүретін жолдар шоқалақ қой. Қанша шығын қосалқы бөлшекке кетіп жатыр. Велосипедпен мына тротуармен де жүреді ғой, құрысын.
Тұрғындардың қарсылығына қарамастан, әкімдік бұл жобаны қалайда жүзеге асырмақшы. Велосипед мінгендердің қауіпсіздігін ойлап, көлік қозғалысына кедергі келтірмеуді көздеп отыр. Ал қос дөңгелекті шайтан арбаның 52 шақырымдық жолағы екі жыл бойы салынады екен. Құрылысы келер жылдың соңында бітеді деп жоспарлануда.
Айгүл Байменова, Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Велосипед кәдімгі тұрғындардың күнделікті қажеттілігі үшін қолданатын көлік құралына айналды. Сондықтан біз велосипедшілердің құқығын қорғауымыз керек. Олар қайта-қайта өтініш жасап жатыр, веложолдар қажет, құқығымыз тапталды деп. Сондықтан осы жобаны қала әкімдігі жоспарлап отыр өтінішке орай велосипедшілердің.
Бұл жобаға велосипедшілер клубы мүшелері ғана қуанып отыр. Арнайы жолақ салуды өтініп, бірнеше жылдан бері әкімдерді мазалап жүрген де солар екен. Енді милииардтан астам ақша желге ұшпай, құрылыс сапалы жүргізілсе деп тілейді олар.
Юрий Куликов, велосипедшілер клубының мүшесі:
- Миллиардтаған ақша автожолға бөлінсе ешкім бұлай шуламайды. Ал веложолға осылай бір рет қаржы бөліп, 52 шақырым салынса тиімді болар еді. Өйткені, велосипед салмағы ауыр емес. Ондаған жылдарға ол жолақ шыдас береді. Велосипедшілер де қозғалыс кезінде ешкімге кедергі келтірмейді.
Велосипедшілердің жолағы үшін қазынадан 1 миллиард 215 миллион теңгеден де артық ақша бөлінуі мүмкін. Екі жылдық жоба болғандықтан, келер жылы бюджеті қайта қаралады. Ең қызығы Ақтөбеде асфальт төселмеген автокөлік жолдары жетерлік. Одан бөлек 5-6 ықшам ауданның тұрғындары жарық пен газ, суға жарымай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!