Асқар Мәмин: Вирусты вакцинасыз жеңу мүмкін емес!
«Вирусты вакцинасыз жеңу мүмкін емес!» Премьер-министр Асқар Мәмин денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдерге жаз мезгілінде вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды. Өйткені коронавирусқа қарсы екпе салдырып жатқан қарашаның қарасы әлі де аз дейді Елде вакцинаның екі компонентін толық алғандар саны әзірге 1 млн 300 мың адамға жуықтаған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
10.06.2021
Елімізде коронавирустың таралу қарқыны өткен аймен салыстырғанда бәсеңдеді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы аптада вирус жұқтырғандар 30 пайызға азайғанын жеткізді. Жауапты ведомство басшысы эпидахуалдың жақсаруына коронавирусқа қарсы жүргізіліп жатқан шаралар тікелей әсер етті деп мақтанды. Вакцинаның да көп көмегі тиіпті. Алайда республика бойынша екпенің екі компонентін толық алғандардың саны 1 млиионнан енді ғана асты.
Бұл статистикаға премьер-министр Асқар Мәминнің көңілі толған жоқ. Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдерге вакциналау қарқынын әлі де арттыру керектігін тапсырды. Әсіресе дерт дендеген өңірлерде екпеге қатысты көрсеткішті көтеру қажет дейді Асқар Ұзақбайұлы.
Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі:
- Әкімдіктер мен денсаулық сақтау министрлігі жаз кезінде вакциналау қарқынын барынша ұлғайтуы қажет. Әсіресе Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында. Барлық деңгейдегі әкімдер вакциналау мәселесін жеке бақылауға алуы тиіс.
Елде кесел жабысқандар саны бойынша көш бастап тұрған Нұр-Сұлтан қаласы қауіптің ең жоғарғы деңгейі «қызыл» аймақтан әлі шыға алмай тұр. Елордада төрт түрлі вакцинаның дозасы жеткілікті. Екпе егу орталықтары күні бойы жұмыс істейді. Бірақ оған барып егіліп жатқандар жандардың қарасы өте аз. Бүгінге дейін бас қаланың 9 пайыздан астамы, яғни 111 мың тұрғыны ғана вакцинаның толық екі компонентін алыпты.
Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері:
- Мамыр айында вакцина алғандардың қарқыны сәуір айымен салыстырғанда 46 пайыз төмен. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырамын. Бір аптадаға 1263 жағдайы тіркелді. Бір тәулікте 222 жағдай тіркелген.
Алматы қаласы он күн бұрын «сары» аймаққа өткенімен, мамандар босаңсуға әлі ерте екенін жеткізді. Өйткені ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін шаһар халқының кемі 60 пайыз егілу қажет. Медицина ғылымдарының докторы Равиля Егембердиева вирусқа қарсы вакцинадан кейін түзілетін иммунитет ұзақ уақыт сақталмайтынын айтады. Профессор ауруды түбегейлі ауыздықтаудың жалғыз жолы – жыл сайын жаңа вакцинаны салдыру деген пікірде.
Равиля Егембердиева, медицина ғылымдарының докторы:
- Мутация кезінде вирустың антигендері өзгереді және антиденелер оларға сәйкес келмей қалады. Иммунитет ауру қоздырғышын тағы да танымай, адам ауырады. Өкінішке қарай, коронавирус тез мутацияланып жатыр. Мұндай инфекциялармен күресу үшін жыл сайын жаңа штамға негіздеп, өзгерістерді есепке алып, жаңа вакцина шығарып отыру керек. Жылда вакцина салдырған жөн.
Бірақ ғалымның бұл ұсынысын жүзеге асыру әзірге мүмкін емес. Себебі: қолданыста бар вакцинаның өзіне үрке қарайтындар арамызда әлі де бар. Халықтың вакцинаға деген кері көзқарасын толық өзгертпейінше, тиісті нәтижеге қол жеткізу қиын.
Соңғы тәулікте жұқпалы дерттен 15 адам көз жұмған. Коронавирустың құрығына іліккендер кешелі бері 1144 адамға толықты. Қазір инфекциялық стационарларда 7576 науқас кеселмен күресіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!