Ақтөбеде екі қабатты ескі үй өртеніп, төрт отбасы далада қалды
Ақтөбеде екі қабатты ескі үй өртеніп, төрт отбасы далада қалды. Өрт кіреберістегі электр сымынан тұтанған. Баспанасынан айрылғандар енді кімнен көмек күтерін білмей абдырап отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.06.2021
Александр Лавриненко, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Есікті ашып қалсам, подъезден жалын лап ете қалды. Терезені шағып далаға әрең шықтым. Бұл үйдің салынғанына 90 жыл болды. Қалпына келтіру қиын. Төбеміз түгелімен өртеніп, аспан көрініп тұр. Енді қайттік?
Өрт түн жарымында болған. Тұрғындардың көбісі шырт ұйқыда жатыпты. Ыстың иісін сезгендері дереу құтқарушыларға хабар беріп, көршілерін сыртқа шығарған. Екі қабатты ескі үйдің шатырының түгі қалмады. Абырой болғанда зардап шеккен ешкім жоқ. Жалын екінші подъезге жетіп үлгермеді. Бұл үйдің тұрғындарының дені –зейнеткерлер. Қазір баспанасыз қалғандар колледж жатақханасында уақытша тұрып жатыр. Ішер асы мен киім-кешекті еріктілер жеткізіп беріпті. Енді өртенген үйдің шатыры мен подъезін ғана қалпына келтіруға шенеуніктер қордан ақша іздеп жатыр екен. Ал баспана ішін жөндеуге тұрғындар өздері қаражат тапсын дейді.
Серік Дәулетов, Ақтөбе қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Бюджеттен негізі бұл жұмыстарға ешқандай ақша қарастырылмаған. Дегенмен де смета жасатамыз. Қордан алуға тырысамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!