Жанайқай: Степногорда химиялық қалдық өңдейтін зауыт салмақшы
«Өмір сүргіміз келеді!» Бұл Ақмола облысындағы Степногор қаласы тұрғындарының жанайқайы. Онсыз да жағалай өндіріс зауыттарының ортасында орналасқан қаланың маңында енді химиялық қалдықтарды өңдейтін зауыт салмақ.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
14.06.2021
Әлі қоғамдық тыңдау бітпеген, бірақ көпшілік пікірімен санаспай-ақ зауыт салынатынына тұрғындар сенімді. Қала әкімдігінің алдына 100-ден астам тұрғын талап қойып шықты.
Өтінішін айқайлап жеткізбек ниеттегі бұл топ өндірістің зардабын жақсы біледі. Бұл қала сонау Кеңес кезінен бері алтын, уран өндірісінің ошағы. Енді химиялық қалдықтарды өңдейтін зауыт салынбақ. Жұрт бұған үзілді-кесілді қарсы.
Қайырбек Анафин, Степногор қаласының тұрғыны:
- Ұрпаққа өте қауіпті. Бұған жеткізбеу керек еді. Онсыз да уран болған мына жер. Оның ертең –немере-шөберемізге зияны тиеді.
Тұрғындардың айтуынша, қаладан он шақырымдай жерде өңдеу зауыты салынады деп межеленген. Белгілі болғаны, бұған дейін қоғамдық тыңдау өтіпті. Бірақ зауыт иелерінің таңдап алған 4-5 адамы ғана қатысқан, ал басқа жұрт бейхабар.
Валентина Почетова, Степногор қалаcының тұрғыны:
- Қазіргі ұрпақ жағалай орналасқан өндірістің кесірінен өте әлсіз. Өткен мамыр айында, өзім көрдім, әскерге шақырылған 4 адамның біреуі ғана денсаулығы жарамды. Енді қалдық өңдейтін зауыт салынса, келешігіміз не болмақ? Ойланатын мәселе. Билік назар аударуға міндетті.
Ауасында бір топ тұрғындары ұлардай шулап жатқанда бірде-бір әкім-қара қарасын көрсетпеді. Біз де кіре алмадық. Соған қарағанда мына «біз өмір сүргіміз келеді» деген тұрғындардың ниетін атқарушы билік пысқырмайтын сыңайлы.
Екі-үш жылдай қаланың тізгінін қолда ұстап отырған әкім көпшіліктің алдына шықпады. Қала басшысының әрекетіне тұрғындардан баға беруді сұрағанымыз сол еді, көңілі толмаған өкпелі топ ренішін жайып салды.
Әкімді бізге де біраз күтуге тура келді. Айтуынша, зауыт бірінші кезекте қосымша жұмыс орны. Дегенмен халық пікіріне құлақ асамыз деп уәдесін берді.
Еркебұлан Баяхметов, Степногор қаласының әкімі:
- Қалай болғанда да көпшілік пікірі ескеріледі. Оның үстіне мұндай зауыттың салынуы қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал «Эко-Люкс» компаниясының қала маңында қалдық сақтайтын қоймасы бар. Білуімше, олардың жұмыс жүргізуге экология министрлігінен рұқсаты бар. Бірақ, әрине, қоғамдық тыңдау өткен соң ғана нақты шешім қабылданады.
Химиялық қалдықтарды өңдеу зауытының құрылысына қатысты тағы бір қоғамдық тыңдау өтпек. Бірақ онлайн ұйымдастырылады. Соған қарағанда тыңдауға интернеттің тілін білмейтін бұл кісілер тағы қатыса алмайтын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!