{metadescription}
Көне жазбалардың көзін құрту тыйылар емес – Алматы облысы
Көне жазбалардың көзін құрту тыйылар емес – Алматы облысы

Көне жазбалардың көзін құрту тыйылар емес – Алматы облысы

Көне жазбалардың көзін құрту жұмысы әлі де жалғасуда. Алматы облысындағы петроглифтерімен әйгілі Арқарлы асуындағы зауыттар өндірісін сол күйі тоқтатпаған.

Қиыршық тас пен тақтатас дайындайтын кәсіпорындар тауды жарып, тарих таңбалаған тастар да қирап жатыр. Петроглифтердің жайы өткен айда Мәжілісте көтеріліп, оқиға орнына мәдениет министрінің өзі де келгенімен, тау қопарған кәсіпкерлерге тұсау болмаған.   

Арқарлыдағы қиыршық тас шығаратын зауыт қызу жұмыс үстінде. Кезекті жерді жарып қопарып жатыр. Ал таяқ тастам жерде тарихи ескерткіштер. Өкінішке қарай, қола дәуірі туралы көне жазбаларға тұнып тұрған тастардың құны құрылыс материалынан әрі аспай тұр.       

Қожахан Үдербаев, Малайсары ауылының тұрғыны:

- Әне, анау, мынадай боп тұру керек, көрдіңіздер ме, ана жерде көп жарған. Тас дайындаған. 30 жыл болған шығар. Талқандап жатқанына. Бірталай жыл болды.  

Қожахан Үдербаев тарихи тастар жатқан таудың етегіндегі Малайсары ауылында туып өскен. Ақсақал қай таста қандай сурет барын жатқа біледі. Айтуынша, арқар, бұғыдан басқа да сұлулығы таңдай қақтырарлық талай петроглиф болған. Алайда енді олар тек зейнеткердің телефонында ғана сақталған.      

Қожахан Үдербаев, Малайсары ауылының тұрғыны:

- Ана тастарды дайындағанда кетті ғой талайы! Жаныма батпағанда! Таудың тастарын қиратып тастаған. Таудың сәні де кетіп тұр.

Тарихи тастардың талқандалып жатқандығы туралы тұрғындар талайдан айтып келеді. Тіпті белгілі археолог Алексей Марьяшевтің өзі кезінде дабыл қаққан. Алайда ғалым бақилық болып, тас дайындаушылардың «дәурені» жалғасыпты. Марьяшевтің шәкірттері қазір сол мыңдаған тастан бүгінде тек 75 данасы қалды дейді.  

Александр Горячев, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға қызметкері, археолог:

- Ұстазым Алексей Марьяшевқа 2017 жылы Арқарлы тауларында петроглифтер жойылып жатыр деген ақпарат түскен. Ол дереу сонда жетті. Расында,петроглифтер бар екі алып тастың өндіріс аумағында жатқанын көрді. Ол туралы акті толтырып, әкімдікке жағдайды жеткізді. Бірақ, өкініштісі, археологиялық ландшафт бұзылды. Енді оны қалпына келтіре алмайсың. Қалғанын сақтап қалуымыз керек.

Археолог петроглифтер нағыз көркем шығарма деп отыр. Онда қола дәуірінде Арқарлыны мекендеген тайпалардың тұрмыс-тіршілігі суреттеледі

Бұл сынық адам қолының әрекеті. Жұмысшылар тасты да кесіп алып кетпек болған. Алайда тас қалың боп шығып, екі бұғының әдемі суреті аман қалған. Әйтпесе бұл петроглифтер де бір бай-байғланның аяғының астында плита болып жатар еді.

Көне жазбаларға толы тау сілемдерін екі бірдей компания теңдей бөлісіп алған. Біреуі 137 гектар, екіншісі 105 гектар жерді иемденіпті. Кәсіпкерлердің бірі бұрынғы аудан әкімі. Экс-шенеунік тас дайындауға облыс әкімдігінің өзі рұқсат берген деп отыр. 15 жылдан бері құнды жәдігерлерді қиыршық тас етіп, сатқандар енді басын құтқарып әлек.  

Нұрбай Жантілеуов, «Арқарлы-Тас» ЖШС құрылтайшысы:

- 2006 жылы облыс әкімдігінің мүшелері комиссиясының шешімімен карьердің 30 гектарын алдық. Оны кейінірек білдік, осы ел айтқан соң. Одан кейін тигізгеніміз де жоқ, барғанымыз да жоқ, барғызғанымыз да жоқ. Біздің алдымызда неше жыл қиыршық тас зауыты істеп жатқанына қанша жыл болды, 60 жыл болды. Солар ғой. Бізге мүлдем қатысы жоқ.

Жарылыстарды жоққа шығарған кісі – ауданның қазіргі әкімі. Айтуынша, тастардың құндылығы анықталған бойда қазба толық тоқтатылған. Экс-әріптесіне шаң жуытпаған шенеунік ақыр соңында талқандалған тастарға табиғатты кінәлалады.     

Ғалиасқар Сарыбаев, Кербұлақ ауданының әкімі:

- Тастар құлап жатқан жерге  техника бара алмайды.! Ол енді мына табиғаттың салдарынан болып жатқан нәрселер ме деп ойлаймын. Бүгінгі күні ол қирап жатқан жоқ. Петроглифтер орнында тұр.

Облыстан келген шенділер  қиратылған жәдігерлерді тіпті ауыл тұрғындарынан көрді.

Диас Кәріпов, Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы жер қойнауын пайдалануды дамыту бөлімінің бастығы:

- Тастар шашылып жатыр ғой! Сол жерде тұратын халық өзі тас алуы мүмкін. Өйткені  жаңа жерге техника бармаған, ешқандай техниканың ізі де жоқ! Табиғи күйінде жатқан дала. Адамдар қолымен тасыды ма...

Тарихты талқандағандар тастың керегін алып, қалдықтарды әр жерге тау үйіп тастап кеткен. Әзірге петроглифтерді заң баптары жазылған тақтайшалар қорғап тұр. Бірақ тоз-тозы шыққан тақтайшалардан қорыққан тірі жан жоқ. Керісінше, қоқыс тастап қор қылған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде